«Ертіс» футболшылары капитансыз қалды

«Ертіс» футболшылары капитансыз қалды

Жанкүйерлер қазірдің өзінде командадағы кадрлық саясатқа наразылықтарын білдіруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бес дүркін чемпиондар Ташкенттегі екінші оқу-жаттығу жиынын бастады. Бас бапкер Қайрат Нұрдәулетов әріптестерімен 22 футболшыны Өзбекстанның астанасына шақырды. Тізімде өткен жылы жаңадан жанданған командаға Бірінші лигаға жолдама алуға көмектескен павлодарлықтардың біразы жоқ.

Атап айтқанда, команда капитаны Тимур Байжанов, қақпашылар Қанат Баязит, Тимур Носков, алаң ойыншылары Александр Бовкун, Изат Құлжанов, Вячеслав Раскатовқа команда тізімінде орын табылмады. Сондай-ақ, «Ертістің» түлегі, шабуылшы Мирас Тұрлыбек те командадан сырт қалды.

Футбол жанкүйерлері наразылықтарын Instagram желісіндегі «Ертіс» жазбасының астына жазған пікірлерінде білдіруде.

«Жасұлан Қайыркенов, Изат Құлжанов, Мирас Тұрлыбек сынды жігіттерді алмағанына қатты өкінемін. «Ертіс» командасы құрылғанда жергілікті жігіттерге арқа сүйедік. Командада ойнайтын жасы үлкен жігіттерге қарсы ештеңем жоқ, бірақ біз кәсіби футбол ойнайтын футболшының орташа жасы 35 жас екенін түсінеміз. Жарайды, басшылықтың болашаққа деген бағдары қайда? Осындай жігіттерді жарамсыз деп танығанымыз ұят», - деп жазады @dinara.kasyanova есімді қолданушы.

Евгений Босенко атты тағы бір бейжай жанкүйер де павлодарлықтарға әділеттілік танытпайды деп есептейді.

«Олар өткен жылғы команданың жартысын «Екібастұзға» қуып жібергеніне, оларды мүлдем сырт қалдырғанын түсінбеймін. Бұл жігіттер ең қиын сәтте ең аз жалақымен келді, көп тер төкті және осы Бірінші лигаға команданы жетелеген еді ғой. Ақырында олар қажетсіз болып шықты. Азамат Қанат, Мейрамбек Еренғайып, Вячеслав Раскатов, Тимур Байжанов сынды жақсы ойыншылар командадан шығарылды. Бұның бәрі дұрыс емес» - дейді @bosenko_evgenii.1991.

Тізімге жаңадан енгендердің қатарында қарағандылық шабуылшы Матвей Герасимов, шымкенттік ойыншылар Рахат Үсіпханов пен Нұрәлі Елемес бар. Бір қуантарлығы, шақырылғандар қатарында Анатолий Красотин бар. Екібастұздық футбол түлегі соңғы маусымын Жезқазғанның «Ұлытауы» құрамында өткізді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от «Ертіс» ФК | Павлодар (@ertis_fk)