«Томаға тартар»: Павлодарда балаларға арналған шығармашылық жоба өтті

«Томаға тартар»: Павлодарда балаларға арналған шығармашылық жоба өтті
Фото: автор

Аталмыш шара ай сайын бір мәрте Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығында ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оған мектеп оқушылары ғана қатысады (кейіпкерлер де, көрермендер де – балалар). Жобаның ерекшелігі – мектептердің дарынды оқушысы басты кейіпкері ретінде таңдалып алынады. Ал сол мектептің басқа да дарынды оқушылары басты кейіпкерге қолдаушы ретінде шақырылып, шығармашылық кездесу барысында өз өнерлерін көрсетеді. 

Жастардың шығармашылығын қолдау мен дамытуға арналған кештің кезекті қонағы – бірнеше халықаралық, республикалық өнер байқауының жеңімпазы, қобызшы, сырнайшы, жетігенші, музыкалық мектептің 8-сынып оқушысы Айжәннәт Әбубәкір. 

– Бала күнімнен өнерге қызықтым. Аспаптардың тілін табу керек. Аспапты қолға алғанда ол сөйлеп кетуі керек, – дейді кеш қонағы Айжәннәт Әбубәкір. 

Дарынды шәкірттің сөзінше, қобыздың иесі мен киесі болады. Қобыз халқымызбен бірге жасай береді. 

 - Шетелге шыққанда залдағы тыңдарманның күйді жан-тәнімен сезінетінін байқадым. Болашақта халқым үшін киелі сахнада еліміздің туын асқақтағым келеді, – дейді кеш қонағы.

Айжәннәт – халықаралық дәрежеде де шығармашылығын танытқан талантты шәкірт.

– Жас қырандардың томағасын сыпырған бүркіттей қияға еркін самғауына жол ашуға мүмкіндік беретін жобамыз жас буынның шығармаларын  көпке танытуға себепші бола алады деген ойдамыз, – дейді Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығының басшысы Алпысбай Хонж. 

Оның айтуынша, «Томаға тартар» арқылы балаларды үлгі ретінде көрсете отырып, басқа оқушыларды да кітап оқуға, шығармашылықпен айналысуға тартуға, ана тілін, салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін жетік меңгеруге себеп болады.

Сондай-ақ, оқу орталығы алғыс айту күніне орай дастарқан жайып, мерекенің маңыздылығы жайында баяндады.

Айта кетейік, ай сайын ұйымдастырылатын жоба жыл соңында желтоқсан айында қорытындылады. Кейін арнайы фестиваль барысында жыл бойы үздік өнер көрсеткен қатысушылар марапатталады.