Қызылордалық қолөнерші: Павлодар қонақжайлылығымен таң қалдырды
Шамшырақ Сейілова Павлодарда өткен «Қымызмұрындық» мерекесінің қадірлі мейманының бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қымызмұрындықтың далалық ғұрып әрі этношара ретіндегі маңызы ерекше.
Бұл игі дәстүрдің Ертіс-Баян өңірінде өтіп келе жатқанына 30 жылдан асты. Этно-фестивальге еліміздің өзге өңірлерінде ұлттық бұйымдарды насихаттап жүрген қолөнер шеберлері қатысты. Солардың бірі- Қызылорда облысы, Арал қаласынан арнайы келген Шамшырақ Сейілова. Өзінің айтуынша, мұнда жергілікті қолонершілердің шақыруымен атбасын бұрған.
- Қазақстандық этно-қолөнерді насихаттап жүрген шеберлермен тығыз байланыстамыз. Павлодарлық қолөнер шеберлері шақырған соң сөздерін жерге тастамай келіп отырмын. Павлодар қонақжайлылығымен таң қалдырды,- деді ол.
Сонымен қатар Аралдық шебер өз өңірінен арнай «Қымызмұрындық» мейрамына павлодарлықтарға 50 литр шұбат алып келген.
Бұдан бөлек, мерекелік шараға еліміздің Шығыс өңірінен қатысқан шеберлер де бар. Солардың ең жасы 14 жастағы қолөнерші.
- Бұл мерекеге анаммен бірге қатысып отырмын. Мұндай фетивальға алғаш рет қатысуым. Мен қолдан жасалған гүл, ұлттық бас киімдер, қазақи нақыштағы сөмке сынды бұйымдарды алып келдім. Мұндағы кейбір бұйымдарды жасауға бірнеше күн кетеді. Мәселен, мына сөмкені тоқып шығуға екі апта уақыт кетті. Павлодарлықтар бізді жақсы күтіп алды. Қаланың көркем жерлеріне бардық. Солардың ішінде мұражайұнады, - дейді жас қолөнерші Камила Алтаева.
«Нұра-Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігінң төрайымы Бақытжамал Максилова қымызмұрындықтың маңызы мен ерекшелігі жайлы айтты.
- «Қымызмұрындық» мерекесінің өңірімізде тойланып келе жатқанына 32 жыл болды. Мұны бастаған біздің абзал анамыз – Зара Қожахметова. Салт-дәстүрді сақтау біздің міндетіміз,- дейді Бақытжамал Максилова.
Мерекелік іс-шараға Торайғыров университеті мен Ә. Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің студенттері қатысты. Фестиваль соңында Астана, Қызылорда, Абай облысынан келген қонақтар арнайы марапатталды.