Павлодарда «Saryarqa samaly» газетіне арналған көрме өтеді
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Saryarqa samaly» газетінің 95 жылдық мерейтойына арналған «Елмен етене басылым» атты рухани кеш және көрме ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
«Saryarqa samaly» газетінің алғашқы нөмірі 1929 жылы 15 ақпанда жарық көрді. Басылым 2000 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, 2014 жылы Қазақстан Журналистер академиясының жалпыұлттық сыйлығы – «Алтын жұлдыз» дипломымен марапатталды. 2022 жылдың 28 қазанында «URKER» жалпыұлттық журналистика сыйлығын «Үздік өңірлік БАҚ» аталымында жеңіп алды. Рухани кездесуге басылымда еңбек еткен ардагер журналистер мен газет ұжымы қатысады.
Ата басылым әр аптаның бейсенбі күндері 32 бет болып қалың оқырманға жол тартады. Газет бетінде ел мен облыстағы саяси-экономикалық оқиғалар, әлеуметтік мәселелер, көпшіліктің көкейіндегі тақырыптарға қатысты талдамалық, сараптамалық материалдар жарияланады.
Сондай-ақ іс-шарада газеттің 95 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылады. Көрмеде редакция қызметкерлері тұтынған ескі баспа құралдары, сарғайған газет парақтары, тарихи суреттер және өңір журналистикасында өзіне тән қолтаңбасын қалдырған қаламгерлердің жеке заттары қойылады.
Айта кетейік, көрме бір апта жұмыс істейді.