Баянауыл музейіндегі Қаныш Сәтбаевтың домбырасына реставрация жасалды
Академик Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейіндегі құнды жәдігердің бірі - ғалымның домбырасы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, бұл құнды жәдігерді ғалымның 50 жылдығына перзенті Шәмшиябану Сәтбаева сыйға тартқан. Кейін музей қорына академиктің қолының табы қалған ұлттық аспапты жұбайы Таисия Кошкина тапсырған.
– Биылғы жылғы наурыз айында құнды жәдігерді толық реставрациядан өткізуге Қазақстан Республикасы журналистер Одағының мүшесі, ақын, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, бүгінде Павлодар қаласында тұратын Балтабай Сыздықов көмек көрсетті. Облыс орталығындағы ұлттық аспаптарды қайта қалпына келтіретін азаматтар арқылы домбыраның қаңсып қалған шанағы, астыңғы қақпағының жарылған жері жасалып, бунақтары қайта тағылды, мойынға жеті ақ нүктесін салып, коңыр түсті лакпен боялды, – дейді әкімдікте.
Геолог, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 124 жыл толуына орай «Қаныштың салған әндері-ай...» атты аймақтық ән байқауы ұйымдастырылды. Қаныштың салған әндері-ай байқауында Бас жүлде иегері Жанерке Маукенова Қаныш Сәтбаев музейінде тұрған домбырамен ән шырқады.
Айта кетерлігі, Қазақстан ғылымындағы геологиялық қызметтің негізін қалаушы, Қазақ ССР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш Президенті, геологиялық ғылымдар институтын құрушы Қаныш Сәтбаев домбырада жақсы ойнап қана қоймай, көптеген ескі әндердің тарихын жақсы білген. Ғалым Александр Затаевичке 25 шақты қазақ әнін жазып берген деген дерек бар.