Баянауылдық тұңғыш анималист-мүсіншісі: Шабытты ауылға деген сағыныштан аламын

Баянауылдық тұңғыш анималист-мүсіншісі: Шабытты ауылға деген сағыныштан аламын
Фото: автор

Ол жеке көрменің атын «ATAMEKEN» деп туған жеріне арнаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.

Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде жас мүсінші Данияр Сарбасовтың «ATAMEKEN» атты алғашқы жеке көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Көрменің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова қылқалам шеберіне шығармашылық табыс тілеп, аймақ басшысының атынан Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ іс-шараға қатысқан облыстық Суретшілер одағының төрағасы Өсербай Шоранов, Баянауыл аудандық ардагерлер кеңесінің тұрақты комиссиясының төрағасы Рамазан Нұрғалиев және мүсіншінің әкесі құттықтау сөздерін сөйледі.

 – Талай мықты туған Баянауылда Данияр да мүсінші ретінде өз дара жолын салып келеді. Осы уақытқа дейін аға буын ардагерлеріміздің мүсіндерін жасап жүр, келешекте де қазақ даласына еңбек сіңірген мықтыларымыздың талай мүсінін, ескерткіштерін бірге сомдаймыз деген үміттемін, – деп Рамазан Нұрғалиев шығармашылық жолына табыс тіледі.

Талантты мүсінші шеберлігінің арқасында тарихи және анималистік жанрда көптеген монуметалды мүсіндерді жасап шыққан. Автордың пластикалық тілі реалистік және стильденген тәсілдерімен ерекшеленіп, шығармашылық ізденістері түрлі бағыттарды қамтиды. «Құлагер», «Жүйрік ат», «Талпыныс» сынды көрмеге қойған туындыларынан мүсіншінің қола, алюмин сияқты түрлі материялдармен үйлесімін тауып жасағаны мықты шеберлігін көрсетеді. 

– Мүсін жасауға ең үлкен шабытты туып-өскен ауылға деген сағыныштан аламын. Жылқыны жақсы көргендіктен, көбінде құлагерлердің мүсінін жасадым. Ал аналардың шексіз мейрімін толықтай көрсете білу қиын, сонда да балаға деген махаббатын сомдап жасауға тырысамын, – дейді мүсінші.

Шебер «Құлагер» туындысында көре алмаушылықтың құрбаны болған аттың сүрініп құлаған кезін, жүйріктің қанатының басқаша болатынын нақты көрсетіп жасаған. Сонымен қоса аңыздардағы кейіпкерлердің де мүсінін бейнелеген.

2013-2024 жылдар аралығында сомдалған жұмыстарын көрмеге қойған анималист-мүсінші келешекте жаңа туындыларын көрермендеріне көрсетуді жоспарлап отыр.