Павлодар филармониясында шығармашылық әулеттер бас қосты

Павлодар филармониясында шығармашылық әулеттер бас қосты
Фото: автор

Павлодар облысының Иса Байзақов атындағы филармониясында отбасы құндылықтары мен өнер сабақтастығын дәріптеген «Бір отбасы – бір сахна» атты шығармашылық әулеттердің салтанатты кездесуі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мерекелік шараның шымылдығын филармония солисі Алмас Мұқатай «Бақыт құшағында» әнімен ашты. Кездесу барысында филармония басшысының орынбасары Мәлике Қатай шығармашылық әулеттерді мерекемен құттықтап, отбасының қоғамдағы маңызын атап өтті.

- Отбасы – қоғамның ең маңызды әрі берік ұясы, адам бойындағы ізгі қасиеттердің бастауы. Ынтымағы жарасқан, бір-біріне қолдау көрсеткен отбасы өзгелерге де өнеге бола алады. Ал өнерді ортақ құндылық еткен шығармашылық жанұялардың сахнадағы үйлесімі – ұрпақ сабақтастығы мен еңбектің жарқын үлгісі, – деді Мәлике Қатай.

Салтанатты кездесуде филармония сахнасында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өнерді отбасылық дәстүрге айналдырған шығармашылық жанұялардың өкілдері ерекше құрметке бөленді.

Олардың қатарында қазақстандық джаз өнерінің аңыз тұлғасы, Павлодар облысындағы джаз оркестрінің негізін қалаушы Виктор Шейкин бар. Музыкант жұбайы, шебер пианист Евгения Шейкинамен бірге көрерменге қайталанбас эмоция мен жоғары деңгейдегі өнер сыйлап келеді. Ерлі-зайыптылардың шығармашылық үндестігі – сахнадағы жарасымды серіктестіктің жарқын үлгісі.

Сондай-ақ хореографтар Нұрлан Беков пен оның жұбайы Шахадат Бекова, «Лад» ансамблінің артисі Юрий Ким, жұбайы Ирина Кондрашова және ұлы Леонид – симфониялық оркестрдің скрипкашысы – сынды өнер әулеттері құрмет төрінен орын алды. Мұндай шығармашылық отбасылар филармония өнерінің дамуына өз үлестерін қосып, сахна мәдениетінің қалыптасуына еңбек сіңіріп келеді.

Шара барысында шығармашылық әулеттердің өкілдеріне кәсіподақ ұйымының атынан Алғыс хаттар табысталып, ақшалай сыйлықтар берілді.

Кеште отбасы мен шығармашылықты қатар алып жүрген көпбалалы аналарға да айрықша құрмет көрсетілді. Күн сайын отбасының берекесін ұйытып, сонымен қатар өз өнеріне адалдық танытып жүрген филармония ұжымының мүшелері – Гүлдарай Әлкенова, Үміт Әкімбекова, Динара Сәдібек, Гүлия Жылыбай және Қапия Әшімбетова арнайы марапатқа ие болды.

Мерекелік кештің көркін қайталанбас дауыс иесі Наталья Процкаяның әндері аша түсті. Өнер мен отбасы құндылықтарын тоғыстырған мазмұнды кездесу соңында шараға қатысушылар естелік суретке түсті. «Бір отбасы – бір сахна» кеші – өнердің тек сахнада ғана емес, отбасында да ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын баға жетпес мұра екенін тағы бір мәрте көрсетті.