Павлодар облысында қой мен ешкіні көбінесе Май ауданында өсіреді
Өңірде қой мен ешкі басы біршама артқаны байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық статистика департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша өңірде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің барлық санаттарында жылқы саны өткен жылғы сәйкес күнмен салыстырғанда 11,6%-ға, ірі қара мал– 7,1%-ға, шошқа – 20,5%-ға, қой мен ешкі басы 6,4%-ға көбейген.
– Ірі қара мал, жылқы басы санының ең жоғары үлес салмағы Баянауыл ауданында тіркелді – 17%, сәйкесінше облыстық көрсеткіштен 20,8% құрады. Шошқаның едәуір саны Павлодар ауданында 48% шоғырланған, қой мен ешкі Май ауданында – 16,9%, ал құс саны Павлодар қаласына қарасты ауылдық аймақтарда 42,4% құрады, – деп жазылған хабарламада.
Ауыл шаруашылығы малы негізінен жұртшылық шаруашылықтарында шоғырланған: қой мен ешкі – 61,5%, ірі қара мал – 45,5%.
Жылқы басы шаруа немесе фермер қожалықтарындағы және дара кәсіпкерлерде шоғырланған (жалпы санынан 52,9%). Құс басы жалпы санынан 55,8% және шошқа жалпы санынан 74% ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өсіріледі.
Айта кетерлігі, 2021 жылмен салыстырғанда еттін барлық түрлерінің тірідей салмақта өндіру 3,4%-ға көбейді. Сауылған сүт 2%-ға, алынған жұмыртқа 6,5%-ға азайды. Жүн өндірісі 0,7%-ға көбейді.