Баянауылда қазақ әдебиетіндегі ерекше жанрдағы роман оқырманға таныстырылды

Аудан әкімінің орынбасары жазушының иығына шапан жапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Қ.Исабаев атындағы орталық аудандық кітапханада ақын-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» атты романының таныстырылымы өтті.
Шара барысында Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Альмира Дисюпова сөз сөйлеп, жазушының иығына құрмет белгісі ретінде шапан жапты. Кешке арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмағали Қоғабай романның жазылу тарихына тоқталып, автордың шығармашылық ізденісі туралы өз пікірін білдірді.
Хабарламада атап өтілгендей, «Ажалын жоғалтқан адам» – қазақ әдебиетінде сирек кездесетін экшн жанрында жазылған шығарма. Романда мейірімділік пен қатыгездік, адалдық пен екіжүзділік, адамгершілік сынды ұғымдар терең философиялық деңгейде бейнеленген.
Кездесу барысында автор романның жазылу барысы, оқиға желісі, кейіпкерлері мен оқиғаның шиеленісті тұстары туралы әңгімелеп, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді. Әдеби кеш көрермен үшін мазмұнды әрі әсерлі кездесу болды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram