Павлодар көшелерінде 20 ауқымды мурал пайда болады
Туындылар қала тарихы, мәдениеті, ұлттық құндылықтар мен танымал жерлестерге арналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы Хасар Хабылбековтің мәліметінше, облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Өнерлі шаһар» жобасы аясында қалада барлығы 20 ауқымды мурал салынады.
Қазір Қазақстанның әр қаласынан келген суретшілер Павлодардың бірнеше бөлігінде жұмыс істеп жатыр. Әр туындының тақырыбы әртүрлі: бірі тарихқа арналса, енді бірі ұлттық мәдениет пен құндылықтарды немесе елге танымал павлодарлықтарды бейнелейді.
Муралдардың идеяларын әзірлеуге қала тұрғындары да қатысқан.
– Қаланың көшелерінде алғашқы муралдар пайда болды. Ашық аспан астындағы бұл галерея шаһарымызға сән беретін тағы бір айрықша жобаға айналып, қала тұрғындарының көңілінен шығады деп сенеміз, – деді Хасар Хабылбеков.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Өнерлі шаһар» аясындағы бірнеше жұмысты павлодарлықтар қазірдің өзінде көре алады. Бұған дейін қалада Малайсары батыр бейнесіне арналған мурал салынып жатқаны хабарланған. Жобаға Павлодармен қатар еліміздің басқа өңірлерінен келген суретшілер тартылды.
Тағы бір жаңа туынды Назарбаев даңғылы, 233 мекенжайында пайда болады. Астаналық Art Game шығармашылық тобы мұнда «Қыз Жібек» бейнесін заманауи көше өнері арқылы көрсетіп жатыр.