Баянауылда Данияр Дүйсенов атындағы кабинет ашылды

Баянауылда Данияр Дүйсенов атындағы кабинет ашылды
Фото: Аудандық білім бөлімінен

М.Ж.Көпейұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінде ұлағатты ұстаз Данияр Дүйсенов атындағы орыс тілі мен әдебиеті кабинетінің салтанатты ашылуы өтті. Тағылымды шара ұстаздың есімін ұлықтап, оның білім беру саласына сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа танытуға арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Салтанатты жиынға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Төлеген Ахаев, әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлнази Нұртаева, тілдер пәнінің әдіскері Махаббат Садвақасова, ұстаздың ұрпақтары, мектеп түлектері, ардагер ұстаздар мен оқушылар қатысты. Кабинеттің ашылу лентасын мектептің алғашқы түлегі Рымтай Әбдірахманова мен ұстаздың ұлы Сағыныш Дүйсенов қиды.

Данияр Дүйсенов – ұзақ жылдар бойы білім беру саласында еңбек етіп, мектеп басшысы әрі мұғалім ретінде жас ұрпақтың білім алып, тәрбиеленуіне зор үлес қосқан жан. Оның еңбек жолы, ұстаздыққа адалдығы мен кәсіби жауапкершілігі – бүгінгі жас буынға үлгі.

– Ұстаз есімін ұлықтау өткенге тағзым етіп қана қоймай, жас ұрпаққа өнеге көрсетуден басталады. Атаулы кабинеттер арқылы оқушылар елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмір жолымен танысып, олардың еңбегінен үлгі алады. Данияр Дүйсенұлының есімі берілген кабинет те шәкірттер үшін білім мен тәрбие ордасына айналады деп сенеміз, – деді білім беру бөлімінің әдіскері Махаббат Садвақасова.

Шара барысында ұстаздың шәкірттері мен әріптестері оның адами қасиеттері мен кәсіби еңбегін еске алып, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ аудандық білім беру бөлімінің атынан білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлес қосқан ұстаз ұрпақтарына алғыс айтылды.

Ұстаздың есімін ұлықтау – ұрпақтар сабақтастығын сақтап, білім мен тәрбиенің қадірін дәріптейтін игі дәстүр. Жаңа кабинет жас буынның сапалы білім, өнегелі тәрбие алуына қызмет етпек.

Айта кетелік, қазіргі таңда Баянауыл ауданындағы 26 жалпы білім беретін мектептің 11-інде 18 атаулы кабинет жұмыс істейді. Олар көрнекті тұлғалар мен ұлағатты ұстаздардың есімін ұлықтап, оқушылардың туған өлке тарихына деген құрметін қалыптастыруға бағытталған.