Павлодарда оқушылар экологиялық мәселелерді шешу жолдарын ұсынды
Балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы «Жас экорепортер» облыстық байқауының қалалық кезеңін өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оған № 14, 21, 25, 35, 39, 40, 43, М. Әуезов атындағы, А. Байтұрсынұлы атындағы, Қ. Бекхожин атындағы, Ә. Бөкейхан атындағы, С. Торайғыров атындағы, Б. Момышұлы атындағы, Жетекші ЖОМ 8-10-сыныптардың оқушылары, экология және туризм орталығының тәрбиеленушілері қатысты.
Байқау шарттары бойынша қатысушылар өңірдегі экологиялық проблемаларды шешу бойынша экологиялық іс-шараларға қатысу жөніндегі өздерінің шығармашылық жұмыстарын қорғады.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды 8-сынып оқушылары арасында Ә. Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің оқушысы Назерке Шәкәрім алды.
– Мен өз жұмысымда толып жатқан қоқыс полигондары, зауыт түтіні туралы сұрақтарды көтердім және жаңа жасыл желектерді отырғызу, қоқыстарды сұрыптау және қайта өңдеу сияқты аталған мәселелерді шешу жолдарын ұсындым, – дейді ол.
9-сынып оқушылары арасында І орынды Б. Момышұлы атындағы ЖОМ оқушылары Нұрайым Дүйсембай және Аделия Қайшыбаева алды. Олар қаланың экологиялық проблемалары – өнеркәсіптік кәсіпорындардың су мен ауаның ластануы туралы репортаж ұсынды.
10-сынып оқушылары арасында рұқсат етілмеген қоқыстар, ауаны газдармен ластау туралы подкаст жасаған А. Байтұрсынұлы атындағы ЖОМ оқушысы Аурика Тумаренко үздік атанды.