Бас жүлде, Түркияға жолдама: Павлодарлық «Қыздар-ай» мен «MU art» жарады
Астана қаласында Халықаралық «Alash star» көпжанрлы өнер байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, өнер додасында «Вокал» номинациясы бойынша студенттік филармонияның «Қыздар-ай» квартеті Бас жүлдені жеңіп алып, Ертіс-Баян өңірінің абыройын тағы бір мәрте аспандатты.
Топ құрамында Аружан Мейрам, Данара Нұралиева, Нұрайна Серік, Әмина Абылқан сынды студеттер өнер көрсетеді. Сонымен қатар, «MU art» триосы бірінші орынды иеленіп, Түркия мемлекетінде өтетін халықаралық фестивальге жолдама жеңіп алды. Бұл топта Арсен Шорманов, Нұрбахыт Зейнелхан, Алдияр Рахманғали сынды өнерлі жастар бар.
Музыкалық білім беру бағдарламасының студенті Аружан Дауылбаева «Вокал» номинациясы бойынша тағы бір Бас жүлдені қанжығаласа, Айнұр Ерсін дәстүрлі әндер номинациясы бойынша бірінші орыннан көрінді. Ал Мақпал Ақылбек «Вокал», Балапан Тілек дәстүрлі әндер номинациялары бойынша екінші орындарды иеленді.
– Аталған жеңімпаз және жүлдегер студенттерді байқауға дайындаған – дәстүрлі әнші, музыкалық білім беру бағдарламасының оқытушысы Салтанат Кисатова, – дейді университетте.
Байқауға қатысушы студенттер осындай үлкен мүмкіндік сыйлаған жастар саясаты департаментінің студенттік филармониясына және жетекшілері Салтанат Тасболатқызына алғыстарын жеткізді.