Павлодарлық ерекше балалар республикалық байқауда жеңіске жетті

Павлодарлық ерекше балалар республикалық байқауда жеңіске жетті
Фото: @akbmi_1_pvl

Енді олар елордада өтетін гала-концертте өнер көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық №1 арнайы балабақша-мектеп-интернатының тәрбиеленушілері республикалық «Жұлдызай-2025» байқауында жеңімпаз атанды. «Поющие руки» шығармашылық ұжымы жетекшісі Айсана Қажыкенованың басшылығымен «Әнді ыммен орындау» аталымында «Біз біргеміз» композициясымен өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Мекеме ұсынған мәліметке сәйкес, байқау екі кезеңнен тұрды: 1 ақпан мен 20 наурыз аралығында оқушылар сарайында офлайн кезең өтсе, 20–31 наурыз аралығында республикалық онлайн тур ұйымдастырылды. Байқау нәтижесі бойынша павлодарлық ұжым елордада өтетін гала-концертке шақырту алды.

Жеңімпаздар қатарында – Асхат Тұрсынбаев, Жасмин Елубаева, Берік Рахымтай, Мәдина Еркінқызы, Егор Ермолаев, Валерия Роппель және Милена Коханова. Қатысушылардың жасы – 15 пен 17 аралығында.

– Балалар қатты уайымдады, қобалжыды, байқау нәтижесін асыға күтті. Мен барынша қолдап, жанында болуға тырыстым. Олар үлкен жауапкершілікпен дайындалып, тапсырманы абыроймен орындап шықты. Әрқайсысының бойында ерекше жарық пен дарын бар. Олардың жетістігіне өте қуаныштымын, – дейді үш жылдан бері ұжымға жетекшілік етіп жүрген Айсана Қажыкенова.

«Жұлдызай» фестивалі 2005 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және елдегі ең ірі инклюзивті шығармашылық алаңдардың бірі болып саналады. Жоба 10 000-нан астам баланы қамтып, «BI Group» холдингінің және серіктестерінің қайырымдылық қолдауымен жүзеге асырылады. Фестивальдің басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың дарынын ашып қана қоймай, инклюзивті қоғам құру идеясын ілгерілету.

Фестивальдің финалдық гала-концерті дәстүрлі түрде 1 маусым – Балаларды қорғау күні елордада өтеді. Үздік конкурсанттар мен қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысатын мерекелік кеште павлодарлық оқушылар өздерінің әсерлі де нәзік өнерлерін ұсынады.

Сонымен қатар, қатысушылар үшін мәдени-танымдық бағдарлама, экскурсиялар мен қазылар алқасы мүшелерінен шеберлік сағаттары қарастырылған. Жеңімпаздарға дипломдар, медальдар және фестиваль символикасы бейнеленген арнайы сыйлықтар табысталады. Байқаудың Гран-при иегері I дәрежелі лауреаттар арасындағы онлайн дауыс беру арқылы анықталады (fest.juldizai.kz сайтында).