Баянауылда ұлттық қолөнердің інжу-маржандары таныстырылды

Жаяу Мұсаның 190 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көрмеде түрлі бағыттағы туындылар көпшілік назарына ұсынылып, қонақтар қазақтың бай мәдениетімен етене танысты.
Екібастұз қаласынан келген Ләйлім Жанайдар оқырмандарға «Қасым» және «Фолиант» баспаларынан шыққан түрлі жанрдағы кітаптарды ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі таңда шетел әдебиетіне, әсіресе психология саласындағы шығармаларға сұраныс жоғары. Сонымен қатар балаларға арналған әдебиеттер де бар.
– Бердібек Сапарбаев, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкей, Мұхтар Әуезов сияқты танымал қаламгерлердің еңбектері қолжетімді. Қазірдің өзінде он шақты кітап сатылды, – дейді ол.
Павлодар қаласының тұрғыны, «Білім-инновация» лицейінің көркем еңбек пәні мұғалімі Қанат Асат ағаш оюмен 1985 жылдан бері айналысып келеді. Ол көрмеге қазақтың ұлттық тұрмыстық бұйымдарын – шара, ожау, табақтарды алып келген. Шебер негізінен үйеңкі мен қайыңнан жасайды.
– Қазақтың ұлттық қолөнерінде әлі де халыққа көрсетер құнды дүниелер көп. Соларды жасап, кейінгі ұрпаққа жеткізгім келеді, – дейді шебер.
Павлодарлық қолөнерші Виктория Султанова көп жыл бойы табиғи тастармен әшекей бұйымдар жасаумен айналысқан. Өткен жылы грант ұтып алып, жаңа бағыт – киіз өнерін меңгеруді бастаған. Қазір ол бас киімдер, камзолдар, жилеттер және ерлерге арналған монша қалпақтарын дайындайды.
– Киіз – экологиялық таза табиғи материал. Оның құрамындағы ланолин денсаулыққа пайдалы. Бұл өнердің қолдану мүмкіндігі шексіз, – дейді ол.
Сондай-ақ ол Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Киіз мектебі» үйірмесін жүргізіп, зейнеткерлерді осы өнерге баулып жүр.
Жаяу Мұсаның мерейтойына арналған қолөнер көрмесі қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеген бұл шара қазақ мәдениетінің байлығын тағы бір мәрте айшықтап берді.