Павлодарда Қарахан дәуіріндегі түркі тіліне аударылған Құран кітабы таныстырылды

Павлодарда Қарахан дәуіріндегі түркі тіліне аударылған Құран кітабы таныстырылды
Фото: автор

Облыс орталығына Түркістан қаласынан 100-ге жуық экспонаттар әкелінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Ertis» музейінде «Түркістан – мыңжылдықтар сәулесі» атты көрмесі ашылды. Іс-шара Түркістанның рухани қазынасын Ертіс өңірінің халқына жақыннан таныстыруды көздейді. 

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан көрмеге қатысып, келген қонақтарға Алғыс хат табыстады. 

– Көрмеден біздің көрермендеріміз, әсіресе жастарымыз тағылым алып, рухани байлыққа кенеледі деген сенімдемін, – деп ізгі тілегін білдірді ол.

Көрменің басты жәдігері – X ғасырдағы Құран кітабының көшірмесі. Ол Қарахан дәуірінде түркі тіліне аударылған. 

– Бұл жәдігердің ерекшелігі – қазақ жеріндегі ислам дінінің таралу тарихымен тікелей байланысты болуы. Түркі халықтары исламды өз тілінде насихаттап, діни-рухани өмірдің жаңа кезеңіне жол ашқан, – деді «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұрат Тастанбеков. 

Мұрат Тастанбековтің айтуынша, экспозиция үш мың жылдық тарихы бар Түркістан қаласының өркениеттік рөлін, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты дәуірін айқындайды. Көрменің мазмұны Ясауидің өмір жолы, шәкірттері мен еңбектері, сопылық ілімнің ерекшеліктерін таныстырады.

– Көрмеге 100-ге жуық жәдігер әкелінген. Олардың ішінде: 80 түпнұсқа жәдігер – сопылардың киімдері, атрибуттары, қолжазбалар, 20 фотосурет, Түркістан тарихы мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасын бейнелейтін туындылар, – деді Мұрат Тастанбеков. 

Картиналардың ішінде Қуаныш Сейітбеков пен Омар Бабажанов сынды суретшілердің еңбектері бар. Көрмеге Әмір Темірдің және Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне сыйға тартқан шырағдандары мен лаухасының фотосуреттері де қойылған. 

– Экспозицияда XIX ғасырда қайта көшірілген қолжазба еңбектер де бар: «Диуани хикмет», «Пақырнама» және Ясауидің шәкірттерінің қолжазбалары. Соңғы жылдары музей Ресейдің Уфа және Орынбор қалаларында, сондай-ақ Қазақстанның бес облыс орталығында көрме ұйымдастырды, – деді Мұрат Тастанбеков. 

Мұрат Тастанбековтің айтуынша, бұл жолы экспозицияны Павлодарда өткізу бекер емес. Себебі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Ертіс-Баян өңірінің тарихи тұлғалары – Шоң би, Торайғыр би жерленген. Қазіргі таңда кесенеде жерленгендер саны 239 адамды құрайды.

– Көрмеде ұсынылған картиналар негізінен көшірме болса да, олардың түпнұсқалары майлы бояумен салынған. Онда Ясауи кесенесінің салыну тарихы, зікір дәстүрі бейнеленген. Сонымен қатар Ясауидің аталары мен әке-шешесінің кесенелері көрсетілген фотосуреттер бар. Ал кітаптарға келсек, олардың түпнұсқалары бізге жетпегенімен, XIX ғасырдағы көшірме нұсқалары сақталған. Бұл еңбектердің ішінде Ясауидің «Диуани хикметі», шәкірттерінің жазбалары көрермен назарына ұсынылған , – деді ол. 

Көрмеге келген әрбір қонақ тек тарихи деректерді ғана емес, рухани құндылықтарды да бойына сіңіреді. Бұл – Түркістаннан Ертіс-Баян еліне жеткізілген үлкен сәлем, мәдени сабақтастықтың айғағы.