Сәтбаевтың мерейтойын тойлауға павлодарлықтарды автобустар жеткізеді

Сәтбаевтың мерейтойын тойлауға павлодарлықтарды автобустар жеткізеді
Фото: triptonkosti.ru

Автобустар Павлодар қаласы мен Мойылды шатқалынан шығады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

17 тамыз күні Баянауыл ауданында Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын мерекелеуге қатысқысы келетіндер үшін көлік қатынасы ұйымдастырылады.

Павлодардан «Автовокзалсервис» ЖШС автовокзал платформасынан шығып кетуге болады. Сағат 8:00-ден 10:00-ге дейін сағат сайын 18 орындық шағын автобустар жүреді. Сонымен қатар, Мойылды шатқалынан да үш автобус шығады. Олардың жүру уақыты: 14:00, 15:00, 16:00. Билет құны – 1800 теңге.

Естеріңізге сала кетейік, 16-17 тамыз күндері академиктің мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы күндері Баянауыл ауылы С.Торайғыров атындағы мәдени ойын-сауық орталығында республикалық ақындар айтысы өткізіледі. Оған қоса, Баянауыл ауданы Мұса Шорман ауылы, Лекер ауылының маңында, Ж.Аймауытов ашқан «Мәдени кіндік» ауылының орнына белгітас қойылады.

16 тамыз күні кешке этноауылда «Қаныш» фильмі LED экранда көрсетіледі.

17 тамыз күні сағат 11:30-да «Қазақ ғылымының атасы» республикалық айтысының мәре айтысы өткізілетін болады. Іс-шарадан кейін арнайы шақырылған эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.