Биыл Павлодар облысында маса аз

Биыл Павлодар облысында маса аз

Өңірде өзенге масаға қарсы биологиялық препаратты құю арқылы өңдеу басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Аққулы ауданына жұмыс сапары барысында өңдеу жұмыстарының барысын тексерді. 

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева Ертіс өзеніне негізігі нүктелер саналатын 8 жерден перапарат құйылатынын атап өтті. 

Бүгін 4 нүкте – Аққулы ауданында Бесқарағай және Черное ауылында, Павлодар ауданында Новоямышева ауылында және Ақсуда өңдеу жасалады. 

Ғылыми топтың ұсынысымен бүгін өзенде өңдеуді бастап жатырмыз. Өзенде өңделетін бөлігінің жалпы ұзынды – 720 шақырым. Екінші  кезеңде өңдеу жасалады. Бұл – биологиялық препарат. Өзендегі басқа тіршілік иелеріне зиянды емес. Бүгінгі өңдеуге 34 мың литр дайындалды, – деді Әйгерім Қабылтаева.

Оның айтуынша, биыл масалар аз. 1 шаршы/дм-де 800-ге жуық дернәсіл бар. Өткен жылы 1100 дернәсіл болған. Мұндай ақпаратты ғылыми топ ұсынып отыр. Қазір масалар даму үстінде.

Біз екі апта бойы зерттедік. Дернәсілдер қазір дамудың 2-ші сатысында. Қазір тек жұмыртқалар бар. Ұшып жүргендері қыстан шыққан масалар. Дернәсілдердің азаюы жыл сайынғы өңдеулердің және әсіресе, өзеннің тұрақтылығына байланысты. Өткен жылы Ертіс тез жылынған болатын. Биыл су тез кетіп қалды да, қазір су суық, – деді ғылыми топтың өкілі Ермек Ғабдуллин.

Ертіс өзені бойымен 720 км қашықтықты өңдеп шығуға 10 күн кетеді. Одан кейін жағдайды бақылап, 2 аптадан кейін екінші кезектегі өңдеу жүргізіледі. 

Облыс әкімі Асайын Байханов ғылыми топ әр өңдеу жұмыстарынан кейінгі тиімділікті бақылауы тиіс екенін айтты. 

Масаны 100 пайыз жою мүмкін емес. Себебі, ол да – табиғаттың бір бөлігі. Бұған дейін де болған. Қазір олардың көбеюінің бірінші кезеңі өтті. Енді екінші кезеңін өткізіп алмау керек, – деді облыс әкімі. 

Айта кетейік, бүгін қалалар мен аудандардағы ұшақтармен әуе арқылы өңдеу жұмыстары аяқталады.

Фото: Константин Шелков