Астана-Павлодар тас жолында өрескел ереже бұзған жүргізуші ұсталды
Ол жолдың қарсы бағытымен жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде тұрақты түрде жүргізіп жатқан профилактикалық іс-шаралар мен ескертулерге қарамастан, кейбір жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзуды жалғастырып, жол қозғалысына қатысушылардың барлығының қауіпсіздігіне қауіп төндіруде.
– Мәселен, Астана – Павлодар автожолының Шідерті – Төртқұдық учаскесінде мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі жол белгісінің талабын елемей, қарсы бағытқа арналған жолаққа шыққан. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды, – делінген хабарламада.
Павлодар облысының полиция департаменті қарсы қозғалыс жолағына шығу – жол қозғалысы ережелерін ең қауіпті бұзушылықтарының бірі екенін және оның көбіне ауыр жол-көлік оқиғаларына себеп болатынын еске салады. Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтауға, өз өмірі мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірмеуге шақырады.