Павлодарлық оқушылар Ұлттық ұланның қызметімен танысты
Оқушылар заман талабына сай жабдықталған модульді казармаларда болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты жедел мақсаттағы 5512 әскери бөлімі аумағында жергілікті №5, 26 және 36 жалпы білім беру мектептерінің оқушылары үшін ашық есік күні өтті.
«Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық қорының басшысы Байғали Майкотов бастаған топ әскери бөлімнің басшылығымен бірлесіп, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу және ҚР Ұлттық ұлан академиясына оқуға тарту мақсатында сарбаздардың тұрмыс-тіршілігін, әскери техникалары мен қару-жарақ түрлерін таныстырып, қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін әскери бөлімнің жауынгерлік қызметі барысын етене білуге мүмкіндік берді.
Оқушылар 5512 әскери бөлімінде ағымдағы жылдың наурыз айында ашылған заман талабына сай жабдықталған модульді казармаларда болды. Әр казарма 100 солдатқа шақталған. Атап айтқанда, модульдік казармада кезекші бөлмелер, демалуға, оқ-дәрілерді, қаруды сақтауға, қаруды тазартуға, жеке броньды қорғаныс және белсенді қорғаныс құралдарын сақтауға арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ, жауангерлер үшін демалыс, жатын, жуынатын бөлмелер, санитарлық торап, жаттығу залы, жауынгерлік дайындық сыныбы, спорттық зал, қойма, автотехниканы сақтау бокстары қарастырылған.
– Оқушылар бейбіт күндегі әскерлерге жасалған жағдайды өз көздерімен көруге мүмкіндік алды. Бұл болашақта олардың әскери саланы таңдауына, сонымен қатар, қысқа мерзімді әскери борышын өтуге деген қызығушылығын арттыратыны анық. Бұл қазіргі уақытта өткізуге өте қажетті шаралардың бірі, – дейді Ауған соғысының ардагері Төлеген Көкімбаев.
Дәл осындай шара қаладағы түзеу мекемелерін күзететін 6679 әскери бөлімінде де өтті. Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары майор Мұса Сәдуақасов оқушыларға алдымен әскери бөлімнің тарихы мен жауынгерлік жолы туралы әңгімелеп, қазіргі атқаратын нақты жауынгерлік міндеттері жайлы айтып берді. Мұнда да қызметкерлер әскери көліктер мен техникаларды көрсетіп, қандай жағдайда қай көлікті қолдану керегін түсіндірді. Сонымен қатар, оқушылар кинолог иттің жауынгерлік қабілеттерін көрсететін арнайы демонстрациялық қойылымды тамашалады.