Демеушілер Павлодар маңындағы спорт және ойын алаңдарын жаңартып берді

Демеушілер Павлодар маңындағы спорт және ойын алаңдарын жаңартып берді

2024 жылы «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлықтардың жекелеген санаттарына көрсетілген атаулы көмек біртіндеп инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаларға ұласты. Солардың ең ірілерінің бірі – 2025 жылы №47 балабақша ғимаратының қасбетін жөндеу жұмыстары. Жоба құны 40 миллион теңгеден асты. Алайда кәсіпорын мен ауыл арасындағы ынтымақтастық мұнымен аяқталған жоқ.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Мойылды ауылындағы №38 орта мектептің жаңартылған шағын футбол алаңы таныстырылды. Өлшемі 20х40 метр, жасанды жабыны бар спорт алаңын жөндеуге және мектеп аумағындағы жаяу жүргіншілер жолдарын асфальттауға «ЕГМК» ЖШС Павлодар қаласының әкімдігімен жасалған меморандум аясында 69 миллион теңгеден астам қаржы бөлді.

Жөндеу жұмыстары 20 мамырда басталып, 2026 жылғы 17 тамызда аяқталды.

– Футбол алаңы осыдан 12 жыл бұрын салынған. Мұнда жаттығулар белсенді өтетін, алайда жылдар өте келе нысан әбден тозды, – деді №38 мектеп директоры Мұхаммед Абулгазинов. – Мердігерлер тек бағандарды қалдырып, қалғанының бәрін жаңартты. Оның ішінде жарықтандыру жүйесі, 800 шаршы метр жабын және қоршау да бар. Алаңның үстіне доптың сыртқа ұшып кетуіне жол бермейтін тор орнатылды.

Футбол алаңындағы жаттығу кестесі тығыз. Мұнда мектеп оқушыларымен қатар ауылдың өзге де тұрғындары ойнайды. Балалармен үш дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және спорт жөніндегі әдіскер жұмыс істейді.

Тоғызыншы сынып оқушысы Радмир Кравченко төрт жасынан бастап футболмен айналысады.

– Мұнда бәрі жаңа әрі таза: қақпалар, айып алаңының сызығы мен орталық шеңбер пайда болды. Ал көгалдың өзі қандай ыңғайлы. Ескі, тозған алаңда ойнау қолайсыз еді, – дейді мектептің футбол командасының шабуылшысы.

Жаңа спорт нысанына ауыл тұрғыны Анар Бахшар да ерекше қуанышты.

– Демеушілер бізге үлкен сый жасады. Енді қар түскенше балаларымыз осында доп қуып ойнайды, – дейді ауыл тұрғыны. – Спортпен толыққанды айналысулары үшін барлық жағдай жасалған.

Кәсіпорын шағын футбол алаңын жаңартып қана қоймай, жалпы аумағы 672 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолдарына асфальт төсеу жұмыстарын да жүргізді.

Облыс орталығының әкімі қала тұрғындарының атынан «ЕГМК» компаниясына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін нақты іспен көрсеткені үшін алғыс білдірді.

– Меморандум аясында Павлодардағы төрт білім беру нысанында жұмыстар жүргізілді. Оның екеуі Мойылды ауылында орналасқан, – деп атап өтті Хасар Хабылбеков. – Мәселен, №47 балабақшада алты балалар ойын алаңы абаттандырылып, спорт алаңы жабдықталды және шағын сәулеттік нысандар орнатылды.

Мойылды балабақшасының меңгерушісі Айман Беспаеваның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымына ауылдың 120 баласы барады. Енді олар серуенге бұрынғыдан да қуана шығады. Бұған түрлі-түсті әрі ыңғайлы сырғанақтары, әткеншектері мен ойын үйлері бар ойын алаңдарының жаңаруы себеп.

Олардың үшеуі кіші топтағы балаларға арналған. Ал ересек топтағы балалар үшін осындай, бірақ көлемі биігірек ойын конструкциялары тағы үш алаңға орнатылды. Әр алаңда қақпағы бар құмсалғыштар қарастырылған.

Сонымен қатар, балабақшаның барлық тәрбиеленушісі лабиринті және арнайы көпіршелері бар спорт алаңында жаттыға алады. Бұл туралы жоба жетекшісі Мирас Мадиев мәлімдеді. 

 «ЕГМК» бас директоры Владимир Дудиннің айтуынша, Мойылды – болашақ комбинат құрылысы жүргізілетін алаңға ең жақын орналасқан елді мекен. Сондықтан кәсіпорын ауылмен әлеуметтік жобаларды дамыту бағытында тығыз байланыс орнатқан.

– Бұл ауыл болашақта өндірісімізге кадр көзіне айналады. Сондықтан біз бұл елді мекеннің дамуына мүдделіміз, – деп есептейді бас директор. – Егер ауыл тұрғындары комбинаттың олардың өмірінің бір бөлігі екенін, әлеуметтік жобаларды қолдайтынын көрсе, сәйкесінше олар да бізде жұмыс істеуге ұмтылатын болады.

Оның пікірінше, «ЕГМК» үшін әлеуметтік инвестициялардың ұзақ мерзімді болуы маңызды. Бұл – абаттандырылған аумақтар, қауіпсіз жаяу жүргіншілер бағыттары және заманауи спорт нысандары.

Сондықтан кәсіпорын Мойылды тұрғындарымен байланысты одан әрі жалғастырып, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыра бермек.

Фото: «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС

Серіктестік материал