Павлодарда қазылған жолдар толықтай қашан қалпына келтіріледі?
Шаһарда жылу желілеріне жүргізілген сынақтар мен жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жол жабындарын қалпына келтіру ісі қарқынды жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы Арслан Айдарханов.
– Қала бойынша сынақтардан кейін немесе жылу желілерін жөндеуден соң қазылған учаскелерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрбір мекемеге тиісті тұрғын үй инспекциясы тарапынан бір айлық мерзім белгіленген. Қазіргі таңда қалада шамамен отызға жуық учаске қалпына келтірілуде. Барлық жұмыстар қараша айының онына дейін толық аяқталады, – деді Арслан Айдарханов.
Бөлім басшысының айтуынша, ауа райының қолайлы болуы жұмыстарды уақытылы бітіруге мүмкіндік беріп отыр.
Қалалық полиция және тұрғын үй инспекциясы өкілдерімен бірлескен бақылау жүргізіліп, мердігер ұйымдарға жолдарды қалпына келтіру бойынша нақты талап қойылған.
Айта кетерлігі, өңірде 566 білім беру, 305 денсаулық сақтау нысаны және 2499 көппәтерлі тұрғын үй кешені толық тексеруден өтті. Барлығы 394 қазандық уақтылы іске қосылды.
Сонымен қатар, облыстың үш қаласында жүргізілген күзгі гидравликалық сынақтар нәтижесінде 295 ақау анықталып, жедел жойылған.
Еске сала кетейік, биыл облыс бойынша 31,1 шақырым жылу желісі жөнделді, оның ішінде Павлодар қаласында ЖМ-20А жылу магистралі жаңартылуда. Оның құны 9,8 миллиард теңгені құрайды. Жаңа жоба іске қосылған соң 600-ден астам көпқабатты үйдің жылу қысымы тұрақтанады.