Денсаулық сақтау министрі Павлодар облысына келді
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың ҒЗИ жетекші дәрігерлерінің бригадасымен өңірдегі жұмыс сапары басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ғ. Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс тобының ішінде ұлттық ғылыми орталықтар мен медициналық ЖОО-ның жетекші мамандарының бригадасы, ДДҰ делегациясы бар.
– Министрдің жұмыс сапары бағдарламасында Бәйет ауылының фельдшерлік-акушерлік пунктіне, Екібастұздағы қалалық емханасына, Ақсудағы қалалық ауруханаға бару және Павлодар облысының медициналық ұйымдарының басшыларымен кеңес өткізу жоспарланған. Сондай-ақ өңір тұрғындарымен және азаматтық сектормен дәстүрлі кездесу, азаматтарды жеке қабылдау, республикалық және облыстық БАҚ журналистеріне арналған брифинг өтеді, – деп жазылған хабарламада.
Арнайы бейінді мамандар қалалық ауруханалардың базасында Екібастұз, Ақсу қалаларында жергілікті халықтың арасында дәрігерлік қабылдаулар мен диагностика жүргізеді.
Ведомствоның жұмыс тобының құрамында «Астана медицина университеті» АҚ, Ұлттық ғылыми онкология орталығы, Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы, «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ-ның және «ҮМІТ» халықаралық томотерапия онкология орталығының жоғары дәрежелі дәрігерлер бригадасы шықты. Нейрохирургтер, травматологтар, ортопедтер, кардиологтар, пульмонологтар, онкогематологтар, гастроэнтерологтар (гепатологтар), акушер-гинекологтар, рентгенологтар, онкологтар, инфекционистер спутник-қалаларда консультациялық және әдіснамалық көмек көрсетеді.