Фудкорт пен су қоймасы: Екібастұзда жаңартылған саябақ қандай болмақ?
Қалпына келтіру жұмыстары екі кезеңмен өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысындағы ең ірі саябақ Екібастұз қаласында орналасқан. «Шахтер» саябағы ауданы жағынан 26,8 гектар аумақты қамтиды. Алдағы уақытта саябақты ауқымды қайта құру жұмыстары күтіп тұр. Бұл жоспарлар жайлы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин саябақты аралау кезінде аймақ басшысына айтып берді.
Жыл басынан бері қалада бұл жобаға қатысты бірнеше талқылау өткен. Жергілікті тұрғындар да өздерінің ұсыныстарын айтқан. Ұйымдастырушылар – қала әкімдігі мен «Десента» қоғамдық қоры. Талқылаулар негізінде бастапқы жоба құрылып, 29 қыркүйекте таныстырылған.
Екібастұздықтар ескіріп қалған, қауіпті аттракциондарды алып тастау керек деген тұжырымға келді. Жоба бойынша саябақта отбасылық және жеке демалыс орындарын қарастырып жатыр. Оған бұқаралық іс-шаралар, тыныш демалыс, спорттық жаттығуларға арналған орын, фудкорт аймақтар жатады. Қосымша ойын, жас жұбайлар, орталық, бақылау алаңдарын да салу көзделіп отыр.
Сонымен қатар иттерге арналған серуендеу аймағы да қарастырылған. Сондай-ақ, саябақта үлкен жасанды екі функционалды су қоймасы пайда болады. Ол шомылатын орын және жасыл кеңістікті суаруға арналған резервуар ретінде қызмет етеді.
Облыс әкімі Асайын Байханов қайта құру кезінде әрбір ағашты сақтау қажеттігіне ерекше назар аударды.
– Саябақтағы жасыл желектер зардап шекпеуі керек, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Саябақты қайта құру екі кезеңнен тұрмақ.