Баянауыл ұлттық паркі 40 жылдық мерейтойын атап өтті

Баянауыл ұлттық паркі 40 жылдық мерейтойын атап өтті
Фото: Константин Шелков

Баянауылда арқар, бұлан, қабан, қасқыр және жануарлар дүниесінің басқа да өкілдері мекендейді. Олардың барлығы үнемі және күн сайын қорғалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Баянауыл – халқымыздың киелі мекені, ұлт руханиятының алтын бесігі, көп ғасырлық тарих пен сұлу табиғатты үйлестіріп тұрған жер, – деді Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев құттықтау сөзінде.

1985 жылы Қазақстандағы алғашқы ұлттық парктердің бірі ретінде құрылған бұл парк ел экологиясын сақтау мен табиғи мұраны қорғауға елеулі үлес қосып келеді. Оның өңір дамуына тигізіп жатқан пайдасы да зор.

Табиғи парктің директоры Алмас Жұмашевтің айтуынша, 68,4 мың гектар аумақта 14 туристік маршрут жұмыс істейді. Ең танымал бағыт – Жасыбай көліне апаратын маршрут. Алайда бұл бағытқа жүктеменің тым жоғары болуы туристік ағынды тең бөлу қажеттілігін тудырып отыр.

– Біз туризмді дамытудың бас жоспарын түзету бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Жүктемені Жасыбайдан азайту үшін Торайғыр мен Сабындыкөл көлдерінің маңындағы инфрақұрылымды дамыту жоспарлануда. Бұл аймақтарда инвесторлар үшін қонақүйлер мен тау кемпингтерін салуға арналған ұзақ және қысқа мерзімді пайдалану учаскелері бөлінеді, – деді Алмаз Жұмашев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ұлттық парк аумағында 66 нысан бар: оның 42-сі – ұзақ мерзімді, 24-і – қысқа мерзімді жалға берілген.

– Жыл сайын туристік нысандардың сапасын жақсартып, сыртқы келбетін әсемдеуді мақсат етіп келеміз. Парктің экологиялық тазалығымен қатар, қонақтар үшін тартымды болуын қалаймыз, – деді парк директоры. – Сонымен қатар, белсенді демалысты ұнататындар үшін жаңа қысқы локациялар мен сервистер ашу жоспарда бар.

Мерейтой күні орман қызметінің ардагерлеріне ерекше алғыс айтылды. Олардың көбі бүгінде жас мамандармен тәжірибе бөлісіп келеді.

– Әр адам өз учаскесін таза ұстап, заңсыз аң аулау мен ағаш кесуге жол бермеуі керек. Бұрын атпен жүріп, бәрін біліп, көріп отыратынбыз. Қазір техника бар, бәрі өзгерді. Бірақ ең бастысы өзгерген жоқ – ол туған жерге деген махаббат, – деп атап өтті құрметті инспекторлар.

Ұлттық парк басшысының айтуынша, мекемеде 157 адам жұмыс істейді. Олардың арасында орман инспекторлары, егерьлер, экологтар және туризм саласының мамандары бар.

– Жыл сайын қызметкерлердің кәсіби деңгейі өсіп келеді. Қазір инспекторлардың 78 пайызы орман шаруашылығы саласы бойынша жоғары білімге ие. Жастар ұлттық парктер жүйесінде еңбек етуге үлкен қызығушылық танытып отыр, – деді Алмаз Жұмашев.

Мерейтой күні парк ардагерлері мен қызметкерлері табиғатты қорғау мен экотуризмді дамытуға қосқан үлестері үшін Құрмет грамоталарына, алғыс хаттар мен ведомстволық медальдарға ие болды.