Железин ауданында дүлдүл ақын Құдайберген Әлсейітовтің өмір жолынан сыр шертті
Ақынның 140 жылдығына арналған өнер мерекесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Железин ауылында сазгер, әнші, әрі қазақтың дәстүрлі өнерін жаңғыртуға зор үлес қосқан тұлға, XX ғасырдың басында қазақ мәдениетіне жаңа ән-жыр, сарын әкелген дүлдүл ақын Құдайберген Әлсейітовтің 140 жылдығына арналған мәдениет пен өнер мерекесін ақынның атын берген аудандық мәдениет үйінде атап өтті.
Іс-шара ақынның ұлттық музыканы дамытудағы еңбегін еске алуға арналған аудандық балалар өнер мектебінде ақынның атын берген домбыра кабинетінің салтанатты ашылуымен басталды.
Кейін Құдайберген Әлсейітовтің мұрасын құрметтеген жерлестері мәдениет үйінің алдында орналасқан дүлдүл ақынның бюстіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қоса, тұлғаның шығармашылығы мен өмір жолынан сыр шертетін «Құдайберген Әлсейітовтің ақындық тұлғасы» атты облыстық ғылыми конференция ұйымдастырылды.
Өңірдің мәдениет пен өнер саласының жетекші тұлғалары қатысып, ақынның әдеби мұрасы, әндері мен айтыстары туралы баяндамалар жасады. Айтыскер ақын ретіндегі даралығы мен оның поэзиясындағы терең философиялық ойлары талқыланды.
Бағдарлама аясында Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайының ұйымдастыруымен «Ертіс-Баян өңірінің дарынды тұлғалары» атты көрме өтті. Көрмеде облыс тарихындағы әйгілі өнер қайраткерлерінің портреттері мен шығармашылығы таныстырылды. Сондай-ақ, Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының «Өлеңім өзен судың ағынындай» шығармашылық ұжымының концерті көрермендердің зор ықыласына бөленді. Концертте Құдайберген Әлсейітовтің әндері мен ақындық шығармашылығының әуезді көріністері орындалып, халықты рухани жаңғыртты.
Әуезді әндерден кейін Железин ауданының қолөнершілер мен жергілікті шеберлердің көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрмеде ауданның дәстүрлі қолөнері мен заманауи шығармашылықтың үлгілері таныстырылды. Көрмеде түрлі шеберлердің жұмыстары жоғары бағаланды.