Екібастұз МАЭС-1 бас директоры тағайындалды
Станция ұжымына жаңа басшыны «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов таныстырды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
«Самұрық-Энерго» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен Асан Наурызғалиев «Болат Нұржанов атындағы МАЭС-1» ЖШС бас директоры болып тағайындалды.
Асан Әкімғалиұлы 1978 жылы 30 сәуірде дүниеге келген. Алматы энергетика және байланыс университетін 2000 жылы «Жылу энергетикасы, жылу электр станциялары» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы «Қазақмыс, ГРЭС» ЖШС бу турбиналарының машинисі болып бастады, 2003 жылы турбина бөлімшесінің аға машинисі болып тағайындалды.
2004 жылы ӨТБ бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 2007 жылдың наурыз айынан бастап «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС инженер-жылу энергетигі, 2009 жылы даму және қайта құру тобы бастығының орынбасары, 2010 жылдан бастап электр сүзгілерін монтаждау және жөндеу цехының бастығы болды.
2011 жылдан 2014 жылға дейін жөндеу жұмыстарын дайындау және жүргізу бөлімінің бастығы қызметін атқарды, ал 2015 жылдан 2018 жылға дейін «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС күрделі жөндеу жөніндегі директоры болып тағайындалды.
2019-2023 жылдар аралығында «ERG Capital Projects» ЖШС компаниялар тобында – «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ ЖЭО басқарушылық жобалары бойынша жұмыс істеді.