Екібастұз ЖЭО-да 600-ден астам маман жұмыс істеуде
Олар нұсқама мен оқытудан өткен мамандар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов өзінің Instagram парақшасында Екібастұзда жылу беру маусымын бастау бойынша жеделштабтың бірінші отырысын өткізді. Барлық қызметтердің жұмыстары тәулік бойы режимге ауыстырылды.
- Екібастұз ЖЭО-да нұсқама мен оқытудан өткен 600-ден астам маман жұмыс істеуде. Қаланы жылумен жабдықтау жүйесін одан әрі жаңарту жалғасады. Жыл соңына дейін 2-ші көтергіш сорғыдан ЕЖЭО-на дейінгі қосымша техникалық су магистралінің құрылысы аяқталады. Болашақта қажет болған жағдайда 12 км резервтік желі жылу орталығын желілік сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп жазды аймақ басшысы.
Асайын Байханов биыл құрылысы басталатын жаңа ЖМ-7/1 жылу магистралі жоспар бойынша жылу беру маусымының соңына дейін аяқталатынын айтты. Бұл соңғы бірнеше жылда жаңа үйлердің салынуына байланысты жылудың жетіспеушілігінен зардап шеккен 15, 19, 20, 22, 24, 25, 26 шағын аудандарын жылумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құбырлардың тот басуы мен жұқаруы байқалған ЖМ-1 және ЖМ-3 (М. Жүсіп-Бұқар Жырау көшесінен) жаңарту жоспарлануда.
Барлық жобалар бойынша қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ол аймақ басшысының тікелей бақылауында.