Екібастұзда екі мың гектардан астам жерді бөлу нәтижелері жойылды

Екібастұзда екі мың гектардан астам жерді бөлу нәтижелері жойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тексеру барысында конкурсқа қатысушылардың жалған мәлімет ұсынғаны анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала прокуратурасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру бойынша өткізілген конкурс кезінде заң бұзушылықтарды анықтады.

Тексеру барысында конкурсқа қатысушылардың жекелегені ауыл шаруашылығы техникасының және білікті мамандардың бар екендігі туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ұсынғаны белгілі болды. Бұл конкурстық өтінімдерді бағалау нәтижелеріне әсер еткен.

Конкурс қорытындыларын зерделеу кезінде төрт лот бойынша заң бұзушылықтар анықталып, соның салдарынан жалпы көлемі екі мың гектардан асатын жер учаскелері заңсыз бөлінген. Атап айтқанда, екі шаруа қожалығы конкурстық құжаттамада бірдей ауыл шаруашылығы техникасын және еңбек ресурстары туралы бірдей мәліметтерді көрсеткен, – деді облыстық прокуратураның баспасөз орталығы.

Прокуратураның наразылығы бойынша жер комиссиясының шешімімен аталған лоттар бойынша конкурс нәтижелері жойылды. Жер учаскелері қайтадан конкурсқа шығарылды.

Жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.