Екібастұз маңындағы теміржол станциясы қайта жаңғыртылды

Екібастұз маңындағы теміржол станциясы қайта жаңғыртылды
Фото: Константин Шелков

Қарасордағы теміржол вокзалы жаңғырту жоспарына сәйкес республикалық тізімге енген 124 нысанның бірі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Ашылу салтанатында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов жергілікті тұрғындарды құттықтап, жобаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жүзеге асырылғанын атап өтті.

Павлодар магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Әсет Мәкеевтің айтуынша, жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың шілде айында басталған. Қарасор станциясындағы жолаушылар ағыны орта есеппен аптасына 5-10 адамды құраса да, бұл қайта жаңарту жұмыстарының сапасына әсер етпеген. Жолаушылар үшін заманауи, жайлы әрі қауіпсіз вокзал жасалды.

– Бұрынғы ғимарат сүріліп, орнына жаңа нысан салынды, ішкі жұмыстар толық жүргізілді. Вокзал жолаушыларды қауіпсіз әрі жайлы отырғызу мен түсіруге қойылатын барлық талаптарға сай келеді. Сонымен қатар жолаушылар платформасы толық ауыстырылды. Мүмкіндігі шектеулі және қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға, навигацияны жақсартуға және барлық келушілер үшін қолайлылық деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінді, – деді Әсет Мәкеев. 

Жаңғырту барысында жұмыс тобы инженерлік желілерді де толық ауыстырды. Атап айтқанда, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері, ішкі және сыртқы электр желілері, жылыту жүйесі, өрт дабылы, байланыс желілері, желдету, ауа баптау, жылу жүйелері жаңартылды.