Павлодарда жылу станциялары қысқы маусымға дайындығын аяқтап келеді

Павлодарда жылу станциялары қысқы маусымға дайындығын аяқтап келеді
Фото: автор

Әр жаңартылған құрылғы жылу станциясының жалпы тозуын орта есеппен 2–3 пайызға төмендетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Соңғы үш жылда Павлодардағы жылу электр орталықтарында тозу деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалуда. «Павлодарэнерго» АҚ мамандарының мәліметінше, 2-ЖЭО нысанында бұл көрсеткіш 77,43 пайызды құрайды, ал жөндеу науқаны аяқталғаннан кейін 73,51 пайызға дейін төмендейді. 3-ЖЭО-да нысанында тозу деңгейі 56,25 пайыз, жөндеуден кейін 55,03 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.

Биылғы жөндеу науқаны аясында компания өз қаражаты есебінен 2,7 миллиард теңге бөлді. Бұдан бөлек, «Тарифті инвестицияға айырбастау» мемлекеттік бағдарламасы аясында қосымша 2,4 миллиард теңге қарастырылған.

2-ЖЭО директорының міндетін атқарушы Сергей Петровтың айтуынша, биылғы маңызды жобалардың бірі – алты қазан агрегатындағы ауа қыздырғыштарын қайта құру. Уақыт өте келе «кубтар» тозады. Күл шөгінділерімен бітеліп, қазандықтардың тиімділігіне кері әсер етеді. 

– Сонымен қатар, жылу желілерін толтыру схемасын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Біз торапты толық жаңарттық, бұл Павлодардың жылу желісіне тұрақты су жеткізетін үш қоректендіруші сорғы. Жүйеге химиялық жолмен дайындалған, деаэрациядан өткен арнайы су жіберіледі. Бұл су нормативтік сапаға дейін тазартылады. Біз неміс өндірісіндегі үш жаңа құрылғы орнаттық. Бұған дейін кеңес заманында өндірілген агрегаттар жұмыс істеген, олар ұзақ жылдар бойы сенімділігін дәлелдеді. Жаңартудан кейін экономикалық тиімділік болады деп үміттенеміз, – деді Сергей Петров.

Мамандардың айтуынша, жыл сайын барлық жабдыққа диагностика жүргізіліп, ауыстыру жоспары жасалады. Тозуды анықтаудың түрлі әдістері бар, бірақ басты қағида – жабдықты сын көтермейтін күйге жеткенде емес, оның сипаттамаларын жақсарту қажет болғанда ауыстыру.

Сергей Петров ауа қыздырғыштарын әр 8–10 жыл сайын ауыстыру қажеттігін атап өтті. Бұл шешімнің нақты себептері бар.

– Бірінші себеп – абразивтік тозу. Күл жоғары жылдамдықпен қозғалып, беткі қабатты қажайды. Екінші – коррозия. Екібастұз көмірінің құрамында күкірт көп, бұл төмен күкіртті коррозияға әкеледі. Үшінші – егер түтікте тығыздық болмаса, газ бен ауаның қозғалысы бұзылып, жергілікті бітелу пайда болады, – деп түсіндірді маман.

Соңғы үш жылда станцияларда 108 «куб» ауыстырылды. Биылғы жөндеу науқаны аясында 2-ЖЭО-да №4 қазан агрегаты жөнделді, кеше №2 агрегат ағымдағы жөндеуден кейін іске қосылды, ал №6 агрегат жөндеуге шығарылды. №6 қазандықтағы жұмыстар аяқталғаннан кейін науқан толықтай аяқталады. Турбиналар бойынша: біріншісі жөнделді, қазір №6 турбинада жұмыс жүріп жатыр.

Жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. «Павлодарэнерго» АҚ бас инженерінің орынбасары Сергей Кондратьевтің айтуынша, жылыту маусымына дайындықта ешқандай мәселе жоқ.

– 2-ЖЭО жылу маусымына дайын. Үш қазан агрегатында күрделі, ағымдағы және кеңейтілген жөндеу жұмыстары жоспарланған. Екіншісі толық аяқталды, жобалық жүктемені көтеріп тұр. Біріншісі аяқталуға жақын, 20 қыркүйекке дейін дайын болады. Қазір №3 турбогенератор күрделі жөндеуде, ол 31 тамызға дейін іске қосылады. Барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр, ешқандай қиындық жоқ, – деді Сергей Кондратьев.

Ол, сондай-ақ, «Павлодарэнерго» станцияларының жылу қуаты бойынша қорлары бар екенін атап өтті. Алайда, «қызыл аймақтан» шығу және қосымша тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ету үшін жылу желілерін ауқымды жаңарту қажет: сорғы станцияларын орнату, құбыр диаметрлерін кеңейту және басқа да инженерлік шешімдер.

Жоспарда – 2-ЖЭО-дағы №1 турбогенераторды толықтай қайта құру, қосалқы және электр техникалық жабдықтармен бірге. Барлық турбоагрегаттарды кезең-кезеңімен жаңарту станцияның тозу деңгейін едәуір төмендетіп, сенімділігін арттырады.