Павлодар облысында қызылшаға қарсы күрес күшейтілді

Павлодар облысында қызылшаға қарсы күрес күшейтілді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Мамандар екпеден бас тарту деректерінің көбеюіне алаңдаулы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста вакцина арқылы алдын алуға болатын жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал және халықты иммунопрофилактикалау мәселелері өңірлік штабтың отырысында қаралды.

Жиын барысында қызылша мен көкжөтел ауруларының тіркелуі әлі де жалғасып отырғаны айтылды. Мамандардың пікірінше, бұған профилактикалық егумен қамту деңгейінің төмендігі негізгі себептердің бірі болып отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова вакцинацияға жататын тұрғындарды есепке алу және жоспарлау жұмыстарын жетілдіруді, сондай-ақ профилактикалық егумен қамту деңгейін барынша арттыруды тапсырды.

– Вакцинацияға жататын халықты есепке алу мен жоспарлауды жетілдіру, профилактикалық егулермен қамтуды барынша қамтамасыз ету, сондай-ақ вакциналарды тасымалдау, сақтау және «суық тізбек» талаптарының сақталуына бақылауды күшейту қажет, – деді Айгүл Маликова.

Биылғы жылдың алғашқы алты айында өңірде қызылшаның зертханалық жолмен расталған 393 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрт есе көп. Ауру жұқтырғандардың 345-і қызылшаға қарсы екпе алмаған. Оның ішінде 288-і – балалар.

Сонымен қатар, вакцинадан бас тарту көрсеткіші де өсіп келеді. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 2721 бас тарту фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе жоғары.

Бұдан бөлек, өңірлік штаб вакциналарды тасымалдау мен сақтау кезінде «суық тізбек» талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуді міндеттеді.

Иммунопрофилактика мәселелері жөніндегі өңірлік штабтың отырыстары ай сайын өткізіліп, қабылданған тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.