Павлодарда аквапарктың құрылысы қай сатыда?

Павлодарда аквапарктың құрылысы қай сатыда?
Фото: Константин Шелков

Нысан 2025 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асхат Бейсенов 400 орындық аквапарк құрылысының барысын айтып берді. 

– Қазіргі уақытта ғимараттың қаңқасы құрылып, ыстыққа төзімді панельдермен қапталды. Ішінде барлық қажетті локациялар белгіленді. Жоспар бойынша аквапарк 2025 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады, – деді Асхат Бейсенов. 

Инвестицияның жалпы сомасы –  үш миллиард теңге.

Айта кетерлігі, аквапарк қалалық саябақтың жанында орналастырылған. Құрылыс жұмыстарын  2018 жылы «HAGI Павлодар» ЖШС бастады.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда Павлодар аумағында туризм саласында төрт инвестициялық жоба бар. Атап айтқанда, жоғарыда көрсетілген аквапарктың құрылысы, орталық жағажайға қарама-қарсы аумақта құрылатын демалыс орны мен эко-қала, белсенді және экстремалды демалуға арналған вейк-парк және төрт жұлдызды премиум санатындағы қонақ үй салу жобалары.