Екібастұзда жылу жетіспеушілігі бар тұрғын үйлер қатаң бақылауға алынды

Екібастұзда жылу жетіспеушілігі бар тұрғын үйлер қатаң бақылауға алынды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінде станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов кеншілер шаһарына барып, Екібастұз ЖЭО-ның жұмысын тексерді. Қарашаның 18-нен 19-на қараған түні қатты дауылдың салдарынан МАЭС-1-ден қуат алатын қосалқы станцияларда электрмен жабдықтау бұзылып, қазандықтар мәжбүрлі түрде тоқтатылған болатын. Жедел түрде таңғы беске қарай электр қуаты қайта қалпына келтіріліп, жылумен жабдықтау тұрақтандырылды. Бүгінгі таңда станция қажетті жылу параметрлерін бере отырып, штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

– Жүйелі түрде жылудың жетіспеушілігі бар барлық көпқабатты үйлер қатаң бақылауға алынды. Мұндай тәжірибені жалғастыруды және әлеуметтік нысандардың температуралық режиміне ерекше назар аударуды тапсырдым. Қала тұрғындарын сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз ету - біздің басты міндетіміз,– деп жазды Асайын Байханов жеке парақшасында. 

Сондай-ақ, облыс әкімі дауылдан зардап шеккен бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап шықты. Қатты соққан желдің салдарынан №20 балабақша мен №7 мектеп-гимназиясы ғимараттарының шатырлары жартылай бұзылған. Жөндеу жұмыстары бір аптаның ішінде аяқталады деп жоспарлануда. Барлық нысандарды қалпына келтіру жұмыстары төтенше жағдайдың салдарын жоюға бөлінген резервтегі қаражат есебінен жүргізіледі.