Екібастұз жылу магистральдарындағы жұмыстың 60% аяқталған

Жылу магистральдарын жаңғырту жұмыстарының барысын бақылау мақсатында арнайы көшпелі мониторинг өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһардағы 2-ЖМ және 7-ЖМ жылу желілері – орталық жылумен қамту жүйесінің маңызды буындары. Осы нысандарға Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедьярова және депутат Серік Сәдуақасов арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.
— Құрылыс бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр. Қазіргі таңда жұмыстардың 60%-ға жуығы аяқталған. Құрылыс алаңында жеткілікті мамандар мен қажетті материалдар бар, — деп атап өтті Екібастұз қаласы ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Сапар Атық.
Сондай-ақ, сапар барысында «AMANAT» партиясының шаһардағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындармен кездесу өтті. Қала халқы коммуналдық қызметтер, абаттандыру және шағын бизнесті қолдау мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді. Барлық сұрақтарға түсініктемелер беріліп, маңызды мәселелер жеке бақылауға алынды.
— Уақтылы әрі сапалы аяқтау — тұрғындардың сеніміне жауап берудің жолы. Бұл — тек инфрақұрылым емес, адамдардың өмір сүру сапасы, — деді Илья Теренченко.
Екібастұздағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстары – өңір үшін аса маңызды инфрақұрылымдық жоба. Халықтың пікірі мен талап-тілектері ескеріліп, жергілікті билік пен партия өкілдері ашық диалог орнатуға ниетті. Бұл өз кезегінде сенім мен жауапкершілікті арттыра түспек.