Павлодар облысының бір ауданында әлеуметтік нысандардың жай-күйі тексерілді

Павлодар облысының бір ауданында әлеуметтік нысандардың жай-күйі тексерілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жұмыс сапары барысында ауыз су, жолдар және білім беру нысандарының дайындығы қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов жұмыс сапарымен Аққулы ауданына барып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жағдайымен танысты.

Ямышев, Тілектес, Аққулы және Шарбақты ауылдарында ауыз су жүйелерінің, автомобиль жолдарының жай-күйі, сондай-ақ білім беру мекемелерінің алдағы жылыту маусымына дайындығы тексерілді. Сонымен қатар қазандықтардың техникалық жағдайына баға берілді.

Сапар барысында типтік мал қорымының және саябақ құрылысының жүзеге асырылу барысы да қаралды.

Нәтижесінде жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуы бақылауға алынды.

Аққулы ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады.