Екібастұзда мұз аренасы салынады

Спорт кешені бой көтеретін орын анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұзға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Асайын Байханов мұз аренасы спорт кешенін салу үшін ыңғайланған жермен танысты.
– Қалада үлкен учаскелер көп емес. Бірақ лайықты орын таптық. Бас жоспар жобасында 11 тоғыз қабатты тұрғын үй салуды жоспарлаған болатынбыз. Бірақ бұл мәселе өзектілігін жоғалта бастады, өйткені қаланың дамуын ескере отырып, тұрғын үй салу үшін басқа учаскелерді анықтадық. Бас жоспарға сәйкес бұл учаскеге мұз аренасы мен жеңіл атлетикалық манежі бар жаңа көпфункционалды спорт кешенін орналастыру мүмкіндігі қарастырылды, – деді қала әкімі Аян Бейсекин.
Оның айтуынша, мұнда барлық қажетті техникалық шарттармен қамтамасыз етілген үш гектардан астам жер бар. Облыс әкімі жобаны заманға сай жабдықтауды тапсырған. Ішінде әмбебап спорт залы болады. Екі қабатты құрылыс алаңы – 11190 шаршы, ал жалпы ауданы – 14 мың шаршы метр.
Мамандар жерді бір аптада рәсімдеуге болатынын атап өтті. Мемлекеттік сараптама алғаннан кейін бір апта ішінде техникалық шарттар берілмек. Жақын жерде жарық, су, кәріз және жылу жүйелері орналасқан, дегенмен жалғыз кедергі – «Қазақтелеком» кабелінің өткізілуіне қатысты мәселе талқыланған.
– Екібастұз үшін бұл өте маңызды жоба, мұндай ғимарат «Жасыбай» спорт кешені салынғаннан – 1986 жылдан бері тұрғызылмаған. Келесі жылы шамамен 40 жыл болады. Біз жеңіл атлетика манежімен біріктірілген сұранысқа ие мұз аренасын салуды жоспарлап отырмыз. «Жасыбайда» сегіз мыңға жуық адам қамтылған, мұнда да одан кем болмайды. Сондай-ақ, орналасатын жері де өте ыңғайлы. Жарыстар өткізу үшін 100-200 көлікке арналған үлкен автотұрақ та салуға болады, – деді Асайын Байханов.
Шаһар басшысының айтуынша, Екібастұздан екі әлем чемпионы шыққан. Олар жергілікті базада шыныққан. Хоккей командасы да мықты. Жастар арасында әлем чемпионатының чемпиондары бар.
– Біздің спорттық тарихымыз айтарлықтай, сондықтан бұл жобаны іске асыру жастар үшін бар әлеуетті ашуға мүмкіндік береді, – дейді Аян Бейсекин.
Облыс әкімі жобаны әзірлеп, сараптама жасатуды тапсырды. Құны қомақты жоба Үкіметпен бірлесіп қаржыландырылады.