Екібастұздық алты жасар спортшы Абу-Дабиді бағындырды

Екібастұздық алты жасар спортшы Абу-Дабиді бағындырды
Жасанды интеллект арқылы жасалған сурет

Ол джиу-джитсудан қарсыласын 11:0 есебімен жеңіп, алтын медальға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан атынан екібастұздық балуандар – мектеп оқушылары қатысты. Әмірліктерді бағындыруға «Sam team» клубынан 25 спортшы аттанды.

Үшінші орын Салсабил Қонаева мен Қасымжан Рамазановқа бұйырды. Айару Салман мен Назымбек Дияр еліне күміс медаль әкелді. Ал жеңіс тұғырының ең жоғарғы сатысына Әзиз Апаханов, Мансұр Темірбай, Ибрагим Мықтыбаев және Сирин, Хадия және Самат Қонаевтар көтерілді.

Хадия Қонаева – байқаудың ең жас жеңімпазы, небәрі алты жасында. Ол қарсыласын арқасына лақтыру және аяқтан құлату сияқты өзіндік тәсілдер арқылы 11:0 есебімен жеңіске жетті. 

– Хадия әлем чемпионатына алғашқы рет келген. Ол қорқып қалады деп ойлағанмын, өйткені бір кілемде 13 татами күреседі. Бірақ Хадия аяқтан құлатып алу тәсілін қолданып, менің үміттерімді ақтады. Осы сайысқа біз 1,5-2 жылдай тыңғылықты дайындадық, – деді чемпионатқа өзі қатысқан жаттықтырушы, әрі қыздың әкесі Самат Қонаев.

Қайнар мектебінде оқитын алты жасар Хадия қалалық жарыстардың чемпионы және Қарағандыда өткен ашық республикалық турнирдің финалисі болды.

Бапкердің айтуынша, әлем чемпионаты тосын сыйларға толы салмақты жарыс.

– Шәкірттерімнің жеңісіне сенімді болдым. Бірақ бұл әлем чемпионаты болғандықтан, бір қателік сізді жеңіліспен үйге қайтаруы мүмкін. Мысалға, менің шәкіртім бразилиялықпен жарысып, ұпай саны бойынша алда келе жатқан. Бірақ құлап, қарсыласына екі ұпай беріп, жеңіліп қалған, – дейді Самат Қонаев.

Чемпиондарды туған жерінде мерекемен қарсы алды. Кейбір спортшыларға туған ауылдарында ат пен ақшалай сертификаттар табысталды.