«Ақсу» көптен күткен жеңіске қол жеткізді

«Ақсу» көптен күткен жеңіске қол жеткізді

Павлодарлық команда талдықорғандық «Жетісуді» қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Командалар ойынды сылбыр бастады. Дегенмен, бірте-бірте талдықорғандықтардың басымдығы көріне бастады. Асқар Қожабергенов шәкірттері допқа иелік етсе де «Ақсу» қақпасына қауіп төндіре қоймады.

Тайм ортасына қарай «Ақсу» да «оянды». Алдынғы шептегі Мирас Тұрлыбек алға берілген доптардың бәріне ұмтылып, біраз тер төкті. Евгений Земконың орнына шыққан Никола Эскич орталық шептегі ойынды күшейткенін де айтып өткен жөн. Үзіліс жақындағанда серб легионеріне берілген доп айып алаңында тұрған Чиди Осучуквуға қарай серпілді. Африкадан келген ойыншы оны бірден «Жетісу» қақпасына дарытты – 1:0.

Екінші тайм басталысымен «Ақсу» қысымды күшейтті. Алайда күтпеген жерден «Жетісу» есепті теңестіріп кетті: айып алаңына доппен енген Аслан Әділ қақпашы мен қос қорғаушыны қапыда қалдырды. 

Матч қызығы енді басталды. «Ақсу» қарсылас қақпасына лап қойды. Тез арада алаң иелері есепте алға шықты. Тағы да сол Чиди Осучукву көмекке келіп, иесіз қалған допты қақпаға дәл бағыттады – 2:1.

«Жетісу» есепті қайтадан теңестіретін бірнеше сәттерге ие болған еді. Әсіресе, Бауыржан Тұрысбек бұл матчта екі бірдей ұрымтал сәтте мүлт кетті. Осылайша «Ақсу» жеті бірдей жеңілістен соң алғашқы ұпайларға қол жеткізді. Әзірше команда 13-орында қалуда. Келесі матчты команда 3 маусымда сырт алаңда «Астанаға» қарсы өткізеді.

Фото: Ольга Бугаева