Ел құрамасындағы павлодарлық маманның ізбасарына қойылатын талаптар бекітілді
22 маусымға дейін бұл лауазымда Талғат Байсуфинов жұмыс істеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан футбол федерациясының Техникалық дамыту комитеті Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкеріне қойылатын талаптар профилін бекітті. Бұл құжат ұлттық команданың жаңа бас бапкерін іріктеу кезінде негізгі бағдар ретінде қолданылатын болады.
Бекітілген профильде үміткерге қойылатын кәсіби және ұйымдастырушылық талаптар айқындалған. Атап айтқанда, бас бапкер қысқа мерзімді оқу-жаттығу жиындары мен ресми кездесулердің жоғары қысым жағдайында нәтижелі жұмыс істей алуы тиіс.
Сондай-ақ үміткердің тактикалық икемділігіне ерекше мән берілген. Ол қарсыласқа, матч барысына, есепке және құрамдағы өзгерістерге қарай ойын үлгісін жедел бейімдей білуі қажет. Маңызды талаптардың қатарында көшбасшылық қасиеттер мен коммуникациялық қабілеттер де бар. Болашақ бас бапкер командамен тиімді жұмыс істеп, қиын сәттерде сабыр сақтай отырып, ұлттық құраманың мүддесін ақпараттық кеңістікте қорғай алуы тиіс.
Бұдан бөлек, үміткер аналитиктерден, дене дайындығы бойынша жаттықтырушылардан және қақпашылар бапкерлерінен құралған көпсалалы жаттықтырушылар штабын жасақтай алуы қажет. Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, бекітілген құжат Федерация басшылығына жолданып, ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін тағайындау туралы түпкілікті шешім қабылдау үшін Атқарушы комитеттің қарауына ұсынылады.
Техникалық дамыту комитеті ұлттық құраманың бас бапкерін тағайындау кезінде қазақстандық футболды жүйелі дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді ұстанымның сақталуы маңызды екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 22 маусымда ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кету туралы шешім қабылдады. БАҚ бұл лауазымға үміткерлер ретінде қазақстандық және шетелдік мамандарды атады.