Павлодарда жасөспірімдер футболындағы таланттарды іріктеу басталады

Павлодарда жасөспірімдер футболындағы таланттарды іріктеу басталады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыста 39 жекеменшік футбол мектебі жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылдың қыркүйегінде жеке мектептерді біріктіріп, жаңа есімдерді ашуға және кәсіби футболға резерв дайындауға бағытталған «BALA ERTIS» лигасына ауқымды іріктеу басталады. Жобаны ұйымдастыру және ойындарды өткізу ісін «Ертіс» футбол клубы қолға алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастапқы жас санаты – 2014 жылы туған футболшылар. Қазірге дейін Екібастұз, Ақсу ауылдық аймағы мен Павлодардан төрт команда өтінім беріп үлгерді. Командалар тексерістен өтіп, талаптарға сай болған жағдайда іріктеу лигасына қосылады. Ойындар нәтижесінде командалардың әлеуеті бағаланып, үздік ойыншылар анықталады.

– Іріктеу нәтижесінде 25 үздік футболшыдан өңірлік құрама жасақталады. Бұл құрама келесі маусымда чемпионатта аймақ намысын қорғайды. Сонымен қатар, жаттықтырушы Серік Абдуәлиев жекеменшік мектептер жаттықтырушыларына әдістемелік көмек көрсетеді, – деді «Ертіс» футбол орталығының баспасөз қызметі.

Мұндай тәсіл жекеменшік мектептердегі ойыншылар мен бапкерлердің кәсіби дамуына жол ашады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек жарыс қана емес, болашақта Павлодар облысының атын шығаратын дарынды футболшыларды анықтап, оларды кәсіби клубтар мен Қазақстанның жасөспірімдер құрамаларына дайындау жұмысы.

Лига 7 қыркүйекте басталады. «Әр команда бір-бірімен» форматындағы іріктеу ойындары Павлодарда «Жұлдыз» стадионы мен «Sport City» спорт кешенінде өтеді.

Жарысқа тек KFF Connect электронды жүйесіне тіркелген жекеменшік мектеп командалары қатыса алады. Әр матчқа қақпашыны қосқанда сегіз негізгі және сегіз қосалқы ойыншы жіберіледі.

Жеңіске үш ұпай, тең ойынға бір, жеңіліске ұпай берілмейді. Жүлделі орын алған командалардан бөлек, лига төрешілері үздік қақпашы, қорғаушы, шабуылшы, сұрмерген және ойыншыны анықтайды.

Жеңімпаздар «Ертіс» футбол орталығына қосымша іріктеуден өтіп, кәсіби футбол жолында келесі қадам жасау мүмкіндігіне ие болады.