«Ertis Promenade» сахнасында кинокөрсетілім апталығы бастау алды

«Ertis Promenade» сахнасында кинокөрсетілім апталығы бастау алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

 Павлодарлықтар ашық аспан астында отандық режиссерлер түсірген фильмдерді көре алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше, өңірде қазақ киносының онкүндігі Орталық жағажайда «Ertis Promenade» алаңында 4 тамызда сағат 17:00-де «Дос-Мұқасан» фильмінен бастау алады. 

Келесі күні, 5 тамызда «Жамбыл.Жаңа дәуір» киносы көрсетілмек. 6 тамызда «Боксер» киносы ұсынылса, 7 тамызда көрермендер «Алматы, я люблю тебя!» киносын тамашалайды. 8 тамызда Қанағат Мұстафиннің фильмі «Қажымұқан» көрсетілімге шығарылса, 9 тамызда «Паралимпиец» киносы қойылады. Кино апталығын «Время патриотов» фильмі жабады. Бүкіл фильмдер сағат 17:00-де басталады. 

Көрермендер «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан», «Қажымұқан» сияқты фильмдер арқылы тарихи тұлғалардың өмір жолымен танысады. Ал «Боксер», «Паралимпиец», «Время патриотов» сынды киноленталар жігер мен мотивация береді.Шара аясында басқа да мазмұнды фильмдер көрермен назарына ұсынылады.Барлық фильм көрсетілімдері ақысыз негізде өтеді. Кез келген адам отбасы мүшелерімен бірге келіп, сүйікті фильмдерін тамашалай алады.

Айта кетейік, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған бұл бастама еліміздің шалғай өңірлерінде отандық киноны насихаттауға бағытталған.

Шараның басты мақсаты – көрерменді талантты режиссерлер мен олардың туындыларымен таныстырып, ұлттық мәдениетті кеңінен дәріптеу. Көрсетілетін фильмдер Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдерді бейнелеп, көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірі мен еңбегін көрсету арқылы көрерменге рухани әсер береді.