Есік сындырады: Павлодар облысында 60-тан астам пәтер ұрлығы тіркелді
Ұрылар үйді тонау мақсатында түрлі тәсілдерді қолданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері өңір аумағында 63 пәтер ұрлығы тіркелген. Қазіргі уақытта облыста 170 жеке күзет ұйымы жұмыс істейді. Орталықтандырылған бақылау пультін қолдана отырып, 13 оператор-фирма өңірдің 6925 пәтері мен 6730 объектісін күзетуді жүзеге асырады.
– Азаматтардың жеке мүлкін ұрлаған адамдар азаматтардың пәтерлеріне кіру дағдылары мен тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады. Олар заманауи техниканы, мобильді және радиобайланысты пайдаланады, есіктер мен құлыптау құрылғыларын ашу үшін арнайы бейімделген құралдарды сатып алады және дайындайды. Сондай-ақ, есіктерді сындырады, терезе, балкон арқылы енеді, құлыптарға кілтті таңдайды – деді департаментте.
Полиция қызметкерлері азаматтарды сергек болуға және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Тәртіп сақшылары пәтерден шыққан кезде терезелер мен балкондарды жауып отыруды, кілттерді жоғалтқан кезде кіреберіс есіктегі құлыптарды ауыстыруға кеңес береді.
Егер ұрлықтың куәсі болсаңыз немесе қаскүнемнің қолынан зардап шеккен болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарлауыңыз керек, өйткені бұл жағдайда қылмыстың «ізін суытпай» ашу ықтималдығы жоғары болады.