«Ислам және дәстүр»: Павлодарда әйел қауымына арналған форум өтті
Спикерлерге алғыс ретінде «Құран Кәрім» сыйлыққа ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы ғылыми кітапханада «Умар әл-Фаруқ» мешіті, әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Қазақ қоғамындағы тарихта есімі қалған аналар келбеті» атты форум өткізілді.
Форумға Павлодар облысының Бас имамы Жолдас Қоспақұлы келіп, қазіргі қазақ еліне қатер төнген қиын-қыстау уақытта әйелдер қауымының белсенді ат салысып жатқандарына алғысын білдірді.
– Биыл Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы «Ислам және дәстүр құндылықтары» бағыты бойынша жұмыс жасауды бекітті. Біз дініміз бен дәстүрімізді бірге алып жүрген қазақтың текті ұрпақтары, мақтан тұтатын халықпыз, – дейді Бас имам.
Спикер аталмыш бағытты ұштастыра отырып, тәрбие беруде қазақ аналарының қосатын үлесінің өте зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, жиында Құран оқылып, бата берілді.
Кітапханашы Гүлбаршын Жайсанғалиева «Халқымыздың Асыл аналары» тақырыбында өткен көрмеге шолу жасап, кітаптармен таныстырды. «Умар әл-Фаруқ» мешітінің ұстазы Баян Балтабаева жалпы тарихта әр дәуірдегі есімдері алтын әріппен жазылған ханшайымдар мен ханымдар, батыр аналар мен қыз-келіншектердің есімдерін айта отырып, форумның мақсаты әрі пайдасы жөнінде баяндады.
Сонымен қатар, «Әйел-қыздар секторының» жетекшісі Ақерке Тұрғынбай ұстаз «Исламдағы әйел мәртебесі» тақырыбында, кітапхана ісінің ардагері, Әлкей Марғұлан университеті ардагерлер кеңесінің мүшесі, «Қажылар қауымдастығының» мүшесі Хадиша ханым «Домалақ ана» жайында кеңінен ақпарат берді. Қоғамдық бірлестігінің мүшесі Нұрымтай Төлешова «Қазақ аналары – дәстүрге жол», «Айғаным ана» жайында баяндама жасады. Ал Екібастұз мешітінің ұстазы Рахима Хайрол «Қыз бала тәрбиесі» және заманауи дінге қызмет етіп жатқан танымал ұстаздарымыз жайында қызықты да тың ақпараттармен бөлісті. Бұдан бөлек, Әжелер мектебінің мүшесі «Бопай ханым» жайында сөз қозғады.
Айта кетейік, аталмыш іс-шара облыс деңгейінде ұйымдастырылды. Келген көрермендер алғыстарын айтып тарқасты.