«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын»: Павлодарда келіндер сайысты

«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын»: Павлодарда келіндер сайысты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аталған іс-шараға әр қала мен ауданнан бір келін қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қолдауымен 23 қыркүйек күні Әбусейітов атындағы мәдени-демалыс орталығында «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» атты облыстық байқау өтті. Іс-шараны «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Байқау ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты келіннің отбасының ұйытқысы екендігін ұғындыру, келіннің ата-енеге деген, өз отбасына деген құрметі мен сыйластығын арттыру, жас келіндердің қоғамдық-мәдени шараларға белсенді араласуына мүмкіндік жасау және әйел адамның қоғам алдындағы рөлін көтеруге бағытталған, – дейді ұйымластырушылар.

Филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Торайғыров университеті «Үштұғырлы тіл» кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнуллинаның айтуынша, қазақтың ұлттық құндылықтарын, тілін, дінін, салт-дәстүрін насихаттауда өткізіліп жатқан ең жақсы бірегей шара – отбасы деген мемлекеттің нағыз тағдыры мен бақытының иелері ене мен келінге қатысты өтетін байқау. 

Бұл байқау биыл екінші рет өтіп жатыр. Облыстың әр ауданынан бір-бір шаңырақ отаналары қатысуда. Жалпы байқаудың басты мақсаты – әрбір шаңырақтың дәстүрі, қасиеттерін, ене мен келіннің бір-біріне деген сыйластығын, жарына деген құрметін насихаттау. Бүгінгі статистикаға қарайтын болсақ, ажырасып жатқандар көп, көбі қиыншылыққа шыдамайды. «Ене» деген әйел адамды тәрбиелейтін үлкен институт болу керек. Байқаудан келіндердің бойындағы инабаттылық, кішіпейілділік, жақсы, ақылды, байсалды ененің дәстүрін әрі қарай жалғастыра білетін, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін келіннің бейнесін, ене мен келіннің арасындағы үйлесімділікті көргім келеді, – деді Айман Зейнуллина. 

Оның айтуынша, көбісі салт-дәстүрді орындауда білімсіздік көрсетуде. Осы орайда бұрыс дәстүрлерді сауаттандыру мақсатында қатысушыларға сауалдар мен сұрақтар қойылды. 

Байқау қатысушыларының бірі Аққулы ауданының келіні, аудандық іріктеу сайысының гран-при жүлдегері Айтолқын Шаймұратқызы «Таныстыру» кезеңінде домбырамен өнер көрсетті.

– Өзім ақынмын, барлығын жасай алам. Биені сауып, өзім ашытып дайындап әкелдім. Сонымен қатар, етті өзім сүрлеп, қоспа, құртты да өз қолыммен жасадым. Мақтанғаным емес, бірақ қазіргі заманда бұл көп келіндердің қолынан келе бермейді. Осы байқауда қазақтың келіндерінде болуға тиіс барлық қабілеттерді барынша көрсетуге тырысамын, – дейді ол.  

Байқау қатысушылары өздерін қазақ тілінде таныстырып, ою ойып матаға қондырып тікті және қандай ою түрін қолданғаны жөнінде сипаттама берді, салт-дәстүр аясында сұрақтар мен мақал-мәтелдерге жауап беріп, үйде дайындаған қазақтың ұмыт болған ұлттық тағамымен таныстырды.