Бауырлар арасындағы жасырын сыр Павлодар сахнасында шертіледі
Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында «Туған күніңізбен, анашым!» спектаклінің премьерасы өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аяулым Бекбаудың айтуынша, қойылымда отбасы құндылықтары, бауырлар арасындағы қарым-қатынас және жақын жандар алдындағы жауапкершілік мәселелері көтеріледі.
– Шығарма сюжеті анасының туған күніне дайындалған үш ағайындының бас қосуынан басталады. Алайда ортақ мақсатпен жиналған отбасы мүшелерінің кездесуі күтпеген әңгімелер мен тартыстарға ұласады. Күнделікті тіршілікте айтылмай қалған өкпе-реніш, өзара түсініспеушілік пен өмірлік көзқарастар қайшылығы ортаға шығады, – дейді Аяулым Бекбау.
Пьеса арқылы автор отбасы мүшелері арасындағы сыйластық пен сүйіспеншіліктің маңызын ашып, ана қадірі мен бауырлық байланыстың бағасына назар аударады.
Көрерменді отбасы құндылықтары туралы ойлануға жетелеп, жақын жандардың қадірін бағалауға үндейтін жаңа қойылымның алғашқы көрсетілімі 10-11 желтоқсан күндері сағат 18:00-де өтеді.
Спектакльдің авторы – Әлішер Рахат, қоюшы режиссері – Жангелді Садықов.
Еске сала кетейік, театр ұжымы 4 желтоқсан күні сағат 18:00-де және 5 желтоқсан күні сағат 17:00-де атақты Карло Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» комедиясын сахналайды.
Қойылым комедия дель арте дәстүріне негізделген. Сюжет бойынша бір қызметші бір уақытта екі қожайынға қызмет етуге тырысады. Алайда екі мырзаның да өз талаптары, құпиялары мен күтпеген тапсырмалары бар. Осыдан түрлі күлкілі жағдайлар мен түсініспеушіліктер туындайды.
Қойылымның режиссері – Әділет Ақанов. Қоюшы-суретшісі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Алма Сырбаева.
Ал 16 желтоқсан күні сағат 17:00-де «Есіңе мені алғайсың» музыкалы-поэтикалық кеш көрермен назарына ұсынылады.
Музыкалы-поэтикалық кеш ақынның тағдырында көрген қиыншылықтары мен қайғыларының желісінде өрбиді. Ғасырында біртуар тұлға, Хан-Тәңірінің мұзбалағы Мұқағали бейнесі халықтың жүрегінен кеңінен орын алып, сыршыл да, сұлу поэзиясы ауыздан-ауызға жатталып қалды. Кеште ақынның сөзіне жазылған «Ана сен бақыттысың», «Күрең күз», «Құмған алған», «Мен деп ойла», «Қазағым-ай», «Сарыжайлау», «Отан», «Қарасазым-ай», «Есіңе мені алғайсың» әндері шырқалады.
Авторы: Мұқағали Мақатаев. Режиссері: Ержан Қауланов.
