Квест, тәжірибе, жарыс: Павлодар жастары экологияны заманауи форматта меңгеруде
Қатысушылар ерекше форматқа қызығушылық танытты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «Жасыл ел» штабы «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Еңбек маусымы басталғалы бері ұжым 10-нан астам ауқымды табиғат қорғау шарасын өткізіп, жағалау аумақтарын тазалау, сенбіліктер мен түрлі акцияларды тұрақты ұйымдастырды.
«Жасыл ел» қалалық штабтың командирі Арина Краскованың айтуынша, жастар осы уақыт ішінде үш тоннадан астам қалдық жинап, өңірдің тазалығына елеулі үлес қосты.
– «Таза Қазақстан» идеологиясының басты мақсаты – барлығымызды ортақ іске жұмылдыру. Бұл – елімізді ғана емес, өз өңірімізді, қаламызды да таза әрі көрікті мекенге айналдыру. Біз үшін маңыздысы – аумақтарды ретке келтірумен қатар, тұрғындар мен жастардың табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Сол себепті бағдарламаларды интерактивті форматта өткізіп, қатысушылардың қызығушылығын арттыруға басымдық береміз, – деді ол.
Ұйым табиғат қорғау тақырыбын дәстүрлі сенбіліктермен шектемей, жастарға тартымды форматтар арқылы насихаттап келеді. Қатысушылар экологиялық квесттерден өтіп, арнайы бекеттерде түрлі тапсырмалар орындады. Сондай-ақ, кино көрсетілімінен кейін фильм желісі бойынша ұйымдастырылған танымдық ойындарға қатысты. Химиялық тәжірибелер мен тәжірибелік сабақтар да экологиялық мектеп бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды.
Жыл соңына дейін Павлодарда макулатура, кітап және өсімдік жинауға арналған экологиялық жәрмеңке, сондай-ақ қатысушылар қоқыс жинай отырып бақ сынайтын «Жасыл кросс» жарысы ұйымдастырылады.
Штаб өкілдерінің мәліметінше, жүзеге асқан бастамалардың нәтижесінде жастардың табиғатты қорғауға деген қызығушылығы артып келеді. Тіпті, экологиялық мектептен кейін кейбір қатысушылар қоршаған ортаны қорғау саласын болашақ мамандығы ретінде таңдап, елді мекендерінде жаңа бастамаларды қолға алуға ниет білдірген.