Павлодарда елік құтқарылды
Жануар металл қоршауға қыстырылып қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті тұрғындардың бірі Луначарский көшесі, 1 мекенжайы бойындағы кардиологиялық орталықтың жанында жабайы жануарды байқап, аталған учаскені күзететін полицейлерге жүгінген.
Елікті темір тұтқыннан құтқаруға Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторлары Вадим Кукса мен Арсим Бекенов келді.
– Шақырту орнына келгеннен кейін металл қоршауда қыстырылып қалған елікті көрдік. Жануар қатты қорқып қалғандықтан, жарақаттанып қалмауы үшін оны ақырын шығарып, табиғи ортаға шығардық, – дейді полиция қызметкерлері.
Ештеңе қауіп төндірмейтінін түсінген елік еркіндікке шыққан соң секіре жөнелген.
Полицейлер қатты аяздан кейін жануарлар ашығып қалған соң, адамдарға қарай шығатынын айтады. Осыған байланысты тыныштық сақтауды және уәкілетті адамдарға жүгінуді сұрайды.