Май ауданының Ақшиман ауылында сапалы интернет пайда болады
Бұған дейін ауыл тұрғындарында ғаламторға шығу мүмкіндігі болмады,– деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин айтты.
– Бұған дейін Жаңа Ақшиман елді мекенінің тұрғындары ұялы байланыс сапасына шағымданған еді. Ал ғаламтор желісі мүлдем болмаған. Жаңа Ақшиман ауылында тамыз айының басында 4G-байланыс пайда болады, ал әзірше «КаР-Тел» компаниясы 3G-интернетін ұсынып отыр,– деді Ағыбай Әмірин.
Мұнараны Ақшиман ауылынан алты км таулы жерде орнатты.
Ағыбай Әмірин аудан бойынша инфрақұрылымдық нысандарға кезең-кезеңмен күрделі немесе орта жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатқанын атап өтті.
– Көктөбе ауылындағы тоғыз көшесі орташа жөндеуден өтеді. Оған облыстық бюджеттен 267 миллион қаражат бөлінді, – дейді спикер.
Биылғы жылы Майтүбек ауылына кірер жолға орта жөндеу жүргізілді. Қазіргі таңда Абай, Қызыл еңбек және Май ауылдарының кіре беріс жолдарына сметалық құжаттар әзірленуде.
– Қызыл Октябрь – Жаңа Ақшиман тас жолының жобаланған 90 шақырымы толығымен бітті. Қалған 5 шақырымына жобалық-сметалық құжат жасалуда,– деді Ағыбай Әмірин.
Майтүбек пен Малайсары ауылдарында 411 миллион теңгеге тоғыз жобаны жүзеге асыруда, бұл ретте сегіз жоба аяқталған.