Екібастұзда техногендік сипатта төтенше жағдай жарияланды

Екібастұзда техногендік сипатта төтенше жағдай жарияланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

ЖЭО-ның қазан агрегаттарында күрделі жөндеу жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылы Екібастұз жылу-электр орталығында негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. 

Қолда бар 10 қазан агрегатының ішінен 8-не күрделі жөндеу (№6, 7, 8, 11, 12, 13, 14, 15) және 2 қазан агрегатына ағымды жөндеу (№5, 9) жүргізілді. Соның арқасында 2023-2024 жылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтті, – делінген хабарламада.

Осы жылдың маусым айында Екібастұз ЖЭО-ы «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамның арнайы құрылған еншілес компаниясы «Energy Solutions Center» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілді.

Өткен маусымаралық кезеңде жүргізілген жөндеу науқанын және «Самұрық-Энерго» АҚ-мен жүргізілген талдауды ескере отырып, 2024 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ қаражаты есебінен Екібастұз ЖЭО-да №5 қазан агрегатына күрделі жөндеу және №9 ағымды кеңейтілген жөндеу жүргізу қажет. 

Сонымен қатар, өткен маусымда №12 қазандықтағы негізгі және қосалқы жабдықтарға 80% күрделі жөндеу жүргізілді. Анықталған технологиялық бұзушылықтарды ескере отырып, ағымды жылы №12 қазан агрегатының қалған 20% жабдықтарын жаңартып, қосымша жұмыстар жүргізу қажет.

«Самұрық-Энерго» АҚ-нан Екібастұз қаласының әкімдігіне түскен өтініш бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жөнделетін объектілерді алдағы жылыту маусымына уақтылы тапсыру, әрі жыл бойы үздіксіз ыстық сумен қамтамасыз ету үшін техногендік сипаттағы Төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды, – дейді баспасөз орталығында.

Осылайша, ағымды жылы «Energy Solutions Center»  («Самұрық-Энерго» АҚ еншілес компаниясы) қаражаты есебінен №5 және №12 қазан агрегаттарын күрделі жөндеу, №9 қазан агрегатын кеңейтілген ағымды жөндеу, қалған қазан агрегаттар мен қосалқы жабдықтарды, сондай-ақ ЖЭО ғимараттары мен құрылыстарын ағымдағы жөндеу жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қалада қысқа дайындықты тексерген болатын. ЖЭО-да үш қазандықтың ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына жүзден астам жөндеуші жұмылдырылған.